АЗАМАТТАРДЫҢ МҮГЕДЕКТІКПЕН БАЙЛАНЫСТЫ ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына көмек сұрап жүгінген азаматтардың көптеген сұраныстары негізінен денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікке шығу, еңбекке жарамсыздықты тану, еңбек қатынастары саласындағы құқықтарының қорғалуын талап ету өтініштерін құрайды. Тұрғындардың талап-тілектеріне қолдау білдіріп, нақтылы шешім табуына жәрдем көрсетуде партияның өңірлік филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмахановпен азаматтардың сұраныстарын тыңдау кездесуін өткізді.
Мүгедектігіне байланысты еңбекке жарамсыз деп тану және әлеуметтік тұрғыда көмекпен қамтылуы мәселесі бойынша Мақтарал саңыраулар қоғамының мүшесі, Жетісай қаласының тұрғыны Яна Ларионова хабарласып, департамент басшысына аталған мәселе бойынша жеке өтінішін білдірді. Тұрғынның көтерген мәселесі өзекті деп танылып, департамент басшысы тұрғынның арызын жеке бақылауына алды.
Сауран ауданы, Шорнақ ауылының тұрғыны Гүлдана Тұрсынбай науқас ұлының мүгедектік тобын ауыстырып, өмір бойғы мүгедек деп тану жөнінде өтінішін білдірді. Азаматшаға тиісті заң талаптары түсіндіріліп, ұлы кәмілет жасқа толған жағдаймен есептегенде бес жыл мерзім өткеннен соң ғана, жазылмайтын ауруға шалдыққан азаматқа өмір бойғы мүгедектік топ беріліп, танылатындығы түсіндірілді. Осы ауданның Құмтиін ауылының тұрғыны Жақсыгүл Истамкулова өзінің мүгедектік санатын ауыстыру, құлағының есіту қабілеті төмендеген жолдасын мүгедектікке шығару мәселесін қозғады. Тұрғынға бұл мәселелері бойынша Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінуге болатыны түсіндірілді. Ал инватакси және қараушы бекіту мәселесі бойынша сұранысына, заң талаптары негізінде аталған қызметтер тек І-топтағы мүгедек азаматтарға көрсетілетіні жөнінде мағлұмат берілді.
Кентау қаласының тұрғыны Ахметжан Бақбергенов өзінің зейнеткерлікке шыққанын айтып, еңбек өтілі дұрыс есептелмей, зейнетақы көлемі төмен екендігіне шағымын білдірді. Азаматтың ұсынған құжаттарын сараптаудан өткізген департамент қызметкерлері азаматты еңбек өтілін есептеудің бекітілген әдістерімен таныстыра отырып, дұрыс есеп жүргізілгені жөнінде ақпарат берді.
Айта кету керек, аталған департаментке қарасты облыс бойынша 10 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері халыққа қызмет көрсетеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1 шілдедегі ахуал бойынша облыс көлемінде мүгедектігі бар азаматтардың саны 99232 адам болған, немесе облыстың жалпы халық санының 4,6 пайызын, ал республика бойынша жалпы мүгедектер санының 13,7 пайызын құрайды. Мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 14982-і (15,3 пайызы) — «бала мүгедек» болса, қалғаны 84250-і (84,8 пайызы) — 18 жастан асқан ересек тұрғындар.
Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау шаралары олардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған. Заңнамалық, әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорттық шаралар арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың қоғамға толыққанды интеграциялануына ықпал ету қажет. Мемлекеттік қолдау, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық және білім беру мекемелерімен бірлесіп жұмыс жасау арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау шараларын тиімді жүзеге асыруға болады. Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты қадамдар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамның дамуына үлес қосуға болады.