Азаматтардың бойынан масылдық, енжарлық секілді мінездерді жиі байқайтын болдық
Соңғы кездері кейбір азаматтардың бойынан масылдық, енжарлық, бойкүйездік секілді ұнамсыз мінездерді жиі байқайтын болдық. Біреудің өмірін біреу сүріп бермейтінін санасы бар адамға түсіндірудің қажеті не деп қынжыласың.
Бір өкініштісі, кейбір азаматтар «мен жұмыссызбын, маған мемлекет жәрдем беруі керек» деген тоғышар пікірде жүреді. Қазір қаншама азамат кәсіпкерлікке батыл бет бұрып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлік палатасына барып, бизнес-жоспар жасап, жеңілдетілген пайызбен несие алып, жаңа жұмыс бастап жатқандар қаншама?! Сондай-ақ, ерте көктемнен бастап, қауын-қарбыз егуге шығып, ақша тауып жүрген жастар да аз емес. Жазда мақта шабығына, күзде терімге қатысып, маңдай термен ақша тапқан жандардың адал еңбегіне риза боласың. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстан басын алып қашатын отбасылар да бар. Егіске шығуды намыс көреді. Үйіне барсаң есігінің алдында бір түп те ағаш отырғызбаған. Не мал қорасы, не тауық қорасы жоқ.
Біздің кенттегі өзекті мәселенің бірі – тазалық сақтау ісі. Әркім өз ауласын таза ұстауға міндетті. Өкініштісі сол, ауласының маңайындағы арамшөптерді отауды көше тазалап жүрген биржа жұмысшыларының міндеті деп түсінетіндер де бар. Кентте тазалыққа жауапты «Нұр Еламан Агро» ЖШС әрбір отбасымен келісімшартқа тұрып, аптасына бір рет кесте бойынша қоқысты алып кетеді. Ол үшін әрбір отбасы өз үйінің тұрмыстық қатты қалдықтарын қапқа салып, көшеге шығарып қоюы керек. Кейбір тұрғындар кейде бұған да енжарлық танытып, 300 теңгеден төлегісі келмей, келісімшартқа тұрудан қашады. Тұрмыс қалдықтарын арнайы полигонға емес, кенттегі қалтарыс жерлерге не егіс алқаптарына апарып төгіп кетеді. Көктемде, күзде жауын-шашында кейбір кісілер «Үйімді су басып кетті» деп келеді. Кентте мұндай жағдай жылда орын алатыны белгілі. Бұл да енжарлықтың, масылдықтың бір көрінісі деп ойлаймын. Шіркін-ай, осындай жаман әдеттен қашан арылар екенбіз?..
І.КЕРІМБЕКОВ, Мақтаарал ауданы.