Қазақ тіліне аударылған, балаларға арналған 5 шығарма
Балалар әдебиеті – сөз өнерінің ең бір маңызды саласы. Балаларға арнап шығарма жазу қиынның қиыны. Ұрпақ тәрбиелеуде оның алатын орны зор. Болашақ ұрпақ кітап оқу арқылы білімін шыңдайды, қиялын кеңейтеді. Соңғы кезде балаларға арналған шығармаларды кітап дүкендерінің сөресінен таппаймыз деген сөздер жиі айтылып жүр. Ата-аналар балаларына қандай шығарма оқытарын білмей дал болатынын құлағымыз шалып қалады. Осы орайда әлем классиктерінің балаларға арналған 5 шығармасын ұсынамыз.
Жюль Верн – «Он бес жасар капитан» (Un capitaine de quinze ans) Орыс тілінен аударған – С.Ещанов.
Бұл шығармада небәрі он бес жасында бір кемеге капитан болған Дик Сэндтің басынан кешкен шытырман оқиғалар баяндалады. Кит аулаушы «Пилигрим» кемесінің бүкіл экипажы (5 матрос және капитан) китпен бетпе-бет шайқаста қаза табады. Басшылықты он бес жасар юнга Дик Сэнд қабылдайды. Автор осы шығармасы арқылы өмірдің қиын-қыстау кезеңіне қасқайып қарсы тұруды үгіттейді. Жастарға өмірдің қалтарысы мен бұлтарысында кездескен қиындықтарға мойымай, жауапкершілікті мойынға алуды насихаттайды.
Джек Лондон – «Тектік сарын» (The Call of the Wild) Аударған – белгілі жазушы Дидахмет Әшімханов
Тектік сарын Бэк атты иттің басынан өткен оқиғалар адам аяғы баспайтын, өркениеттен алыс жерлерде өтеді. Бэк адамдардың жақсылығы мен қордығын көп көреді. Түрлі шытырман оқиғаларға тап болады. Жалпы, хикаят адам мен ит достығын баяндайды. Осы арқылы Джек Лондон асқақ рухты насихаттайды. Шығарма Бэктің адамнан бөлініп, қасқырлар тобына қосылып жаңа өмір бастауымен аяқталады.
Антуан де Сент-Экзюпери – «Кішкентай ханзада» (фр. Le Petit Prince)
Алғаш рет бұл шығарманы белгілі ақын Әбділдә Тәжібаев қазақ тілінде сөйлетті. 2013 жылы Атамұра баспасынан тағы да басылып шықты, бұлы жолы Жанар Қонаева аударды.
Антуан де Сент-Экзюперидің аллегориялық шығармасы ханзаданың саяхаттап басынан кешкен оқиғаларын суреттейді. Бір күні Кішкентай ханзада басқа жерлерді көру үшін планетасынан ұшып кетеді. Ол планеталарды аралап ұшып жүріп, аттақұммар адамды, жұлдыздар иеленушісін, ешқайда шықпайтын географты кездестіреді. Соңында Жерге ұшып келеді.
Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегісінің басты идея достық, махаббат, адамдар мен әлем үшін ортақ үй туралы ой қозғау болып саналады. Сонымен қатар, автор адам бойындағы қажетсіз қасиеттер: Билікке ұмтылу, амбиция, маскүнемдік, ақымақтықтан арлуды айтады.
Марк Твен «Том Сойердің басынан кешкендері» (The Adventures of Tom Sawyer) Аударған – белгілі ақын Фариза Оңғарсынова
Марк Твеннің әйгілі Том Сойердің басынан кешкендері» романы бізге АҚШ-тың Миссисипи жағалауындағы қалада тұратын ақылды және іскер баланың бастан кешкен оқиғалары туралы баяндайды. Бұл әңгіменің мәні белсенді бастамашыл адамдар алға ұмтылып, мақсатына жете алатынын насихаттайды. Шығарманың тілі бай, шытырман оқиғалар көп. Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVІІІ ғасырдағы АҚШ–тағы шағын қалашықтар тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі сипатталады.
Генри Хаггард – «Сүлеймен патшаның кеніші» (King Solomon’s Mines) Аударған – белгілі жазушы Мұхтар Мағауин
Генри Хаггардтың балаларға арналған шығармасы оқырман бас алмай оқитындай қызық оқиғаларға құрылған. Бұл шығармада қартайғанша әр жұмысты бір істеп, өмірде орнын таба алмай, жасы келгесін 8 айлық саяхатқа шығып, түрлі жайттарды басынан кешіріп соңынан байып кеткен Аллан Куатермэннің өмірінен сыр шертеді. Автор шығарманы Аллан Куатермэннің атынан баяндайды. Ол Сэр Генри Куртиспен кездесіп, алыс елде қазыналарға толы үңгір бар екенін біледі. Оны өркениеттен тыс, мына әлемнен басқаша өмір сүретін адамдар қорғайды. Аллан Куатермэннің тәуекелге бел буып қазына жолында сапарға шығады. Нәтижесінде өмір мен өлім арпалысындағы шытырмандарға тап болады.
Автор бұл шығармасы арқылы ең үлкен қазына – адам өмірі, оның басындағы абзал қасиеттер дегенді айтады. Сүлеймен патшаның кеніші балалар қиялын ұшқырлап, оларға армандауды үйрететін шығарма.
Т. Раушанұлы