Қазақстан бюджетіне 3,5 триллион теңге салық түспей қалған

Қазақстан бюджетіне 3,5 триллион теңге салық түспей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсіп, жоспар 90%-ға орындалған. Оның ішінде республикалық бюджетке 11,8 триллион теңге түсіп, жоспардың 82%-ы орындалған.

«Жоспардың орындалмауы салық түсімдерінің азаюына байланысты, олар 76%-ға орындалды: жоспар – 14,3 трлн теңге, нақты – 10,8 трлн теңге түскен, орындалмаған – 3,5 трлн теңге», – деді Біржанов үкімет отырысында.

Вице-министрдің мәліметінше, жоспардың орындалмауының негізгі себептері:

— үш елден импорт көлемі 10 айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға немесе 2,3 млрд долларға азайған;

— негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеуі 602 ірі салық төлеушіге берілген аванстық төлемдер сомасының 26,7%-ға немесе 267 млрд теңгеге төмендеуі.

Қосымша құн салығын қайтару өсімі 981 млрд теңгені құраған. Біржанов салықтың түспей қалған бөлігі салықтық емес төлемдерді 1 триллион теңгеге ұлғайту арқылы өтелетінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін президент Тоқаевтың 2024-2026 жылдарға арналған бюджет туралы заңға қол қойғаны туралы жазған едік.