АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҒЫЛЫММЕН ҰШТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Отырар ауданы халқының негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы саласы. Сондықтан бұл салаға қатысты мәселелер ауданның күн тәртібінен түскен емес.
Бүгінгі таңда ауданымызда 42 мың гектардан астам суармалы жер болса, соның 33 мың гектары ғана игеріліп келеді. Оның бірден-бір себебі ағын су тапшылығы мен топырақтың құнарсыздануы салдарынан болып отыр. Әрине аталған мәселені шешу бағытында бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Дегенмен ағын су тапшылығын түбегейлі шешу мүмкін емес. Осы орайда мамандар топырақ құнарлылығын арттыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану бағытындағы жұмыстарды ғылыммен ұштастырудың маңыздылығы жоғары екенін айтуда.
Осы мақсатта бүгін «Түркістан облысының ауыл шаруашылығына полимерлі-минералды енгізу» тақырыбындағы ауыл шаруашылығының жаңа переспективалық бағытын дамытуға арналған халықаралық ғылыми-өндірістік семинар өтті. Ғылыми-өндірістік кеңеске халықаралық деңгейдегі ғалым-профессорлар мен ауыл шаруашылығы және су саласының мамандары мен аудан шаруалары қатысты. Семинар жұмысын экономика ғылымдарының докторы, профессор Сыздықов Бейбіт Шалдарұлы ашып жүргізіп отырды.
Жиынға қатысқан аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ғылыми-өндірістік семинарға арнайы келіп өздерінің ғылыми-тәжірибелік жұмыстарын ұсынып отырған ауыл шаруашылығы саласының мамандарына аудан халқының атынан шынайы алғысын жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты жоба жетекшісі Бейбіт Шалдарұлы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығына полимерлі-минералды енгізу» тақырыбында баяндама жасап, полимер-минералды материалдарды пайдаланудың тиімділігіне тоқталды.
Жалпы полимер-минералды материалдарды пайдалану тәсілі шаруалар үшін тиімділігі өсімдіктердің өсуі мен дамуына қажетті әртүрлі микроэлеметтердің жинақталған сумен бірге тікелей жеткізілуі, су шығынының 3 есеге дейін азайуы және жер асты суларының жер бетіне көтерілуінің тежелуі сияқты экологиялық таза және қауіпсіз тәсіл болып есептеледі. Бұл бағытта М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су шығынын 96 пайызға дейін төмендету мүмкіндігіне қол жеткізілген. Яғни, шаруалар қыс айларындағы бос уақытында су жинау қоймасын жасап, оған осы әдіс арқылы су сақтау мүмкіндігіне ие болады. Сақталған суды егістікке қажетті уақытында пайдалана алады.
Семинар барысында ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ұсыныс пікірлерін айтса, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің бас ғылыми қызметкері Богданов Андрей Николаевич, Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Локалина Татьяна Владимировна және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Өзбекстан мемлекеттік Науаи атындағы Инновациялық университетінің доценті Тагаев Ильхом Ахроровичтер ағын суды үнемдеп тиімді пайдалануда аталған жобаның пайдасы туралы пікірлерін ортаға салды.
Тағылымы мол шара соңында аудан басшысы Сәкен Асылханұлы көршілес мемлекеттерден арнайы келіп, ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстарына атсалысқан ғалымдарға шынайы алғысын жеткізіп, иықтарына қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген зерлі шапан жапты.