АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ОТЫРҒЫЗДЫ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтағы «Достық» аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды.
Сенбілікке қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» ұйымы мен «Жастар рухы» қозғалысының өкілдері және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын жадында ұстаған этнос көшбасшылары мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы 18 түп көшет отырғызып, аллеядағы ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын үнемі назарда ұстайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында аталған аллеяға қалалық ассамблея мүшелері 100 түп ағаш көшетін отырғызған болатын.
Бүгінде Шыымкентте тұратын 1 192 120 (2023 жыл басындағы статистикалық дерек) халықтың 70,9 пайызын – қазақтар, 15,8 пайызын – өзбектер, 6,3 пайызын – орыстар, 1,8 пайызын – әзірбайжандар, 0,9 пайызын – татарлар және қалған 4,3 пайызын – өзге этностар құрайды.
Қалалық ҚХА жанындағы 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым мемлекеттік саясат аясында кешенді жұмыстарды атқаруға жұмылдырылған.
«Шымкент келбеті»