АРЫСТЫҚ КӘСІПКЕР АУЫЛ ЖАСТАРЫНА ОТАНДЫҚ ФИЛЬМ КӨРСЕТТІ
Арыстық кәсіпкер Әлішер Рүстембек Арыс қаласының 250 оқушы-студенттерін «Міржақып. Оян, Қазақ» фильміне апарды, облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Кәсіпкер бостандық үшін басын бәйгеге тіккен боздақ, азаттық жолында құрбан болған алаш қайраткерлерінің өмірін өскелең ұрпаққа өнеге етуді көздеген. Осылайша, арыстық жастар қайраткерлік қызметімен халқының жүрегінен орын алған тұлға жайлы тарихи фильмнен рухани азық алды.
Айта кетейік, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының негізіндегі толықметражды көркем фильм 21 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрлар желісі арқылы үлкен экрандардан көрсетіліп жатыр.
Телехикаяда Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы фильмде баяндалады.