АРЫСТА БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫСТАР ӨТКІЗІЛДІ
Арыста 1 маусым – Балаларды қорғау мерекесіне орай, ең алдымен қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан облыстық ашық турнир өтті. Турнирге Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалалардан ойыншылар қатысып, 3 жас ерекшелегі бойынша бақ сынасты.
Шараның ашылу салтанатына Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық қатысып, ұлттық ойынды ұлықтап жүрген спортшыларға сәттілік тіледі. Жүзден жүйрік боп, жүлделі орын алған спортшылар арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.
Балғын балақайлардың мерекесі Арыс қаласында жоғары деңгейде тойланды. Айталық түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, спортсүйер қауымға керемет көңіл күй сыйлады. Қалада мереке қарсаңында аула спорты түрлерінен жарыс өтті.
Балалар мен жасөспірімдер қатысқан бұл ойын түрі алдымен, Ақынбеков көшесінде орналасқан саябақ алаңқайында 3х3 баскетболдан ұлдар мен қыздар арасында жарыс өтті. Сонымен қатар, Әбдіразақов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің спорт алаңқайында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Арыс қалалық «Футбол және ұлттық спорт» клубының ұйымдастыруымен өткен сайыста балғын балалар асық ату, арқан тарту сынды ойын түрлерінен бақ сынады.
Бұқаралық спортты насихаттау, балалардың уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған спорттық сайыста жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.