«АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ»: СТУДЕНТТЕР АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

14 ақпанда AMANAT партиясы Астана қалалық филиалында Ауған соғысының ардагері Сәрсенхан Әзімбайұлының Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерімен кездесуі өтті. Отанға адал қызмет ету, ұлтты сүю сынды тақырыпты қозғаған қарт жауынгер жастарды патриот болуға үндеді.
«Ауған соғысы алыстағанымен, сол майданнан оралған ардагерлердің жүрегінде жазылмаған жара бар. Біз тәуелсіз елдің болашағына қамқорлық танытып, тәрбие ісіне көңіл бөліп келеміз. Сол үшін де қаруластарыма алғыс айтамын. Ауған соғысы он екіде бір гүлі ашылмаған боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз» деді Сәрсенхан Әзімбайұлы.
Басқосу ашық форматта өтіп, әрбір қатысушы соғыс жайында сұрақтар қойды. Алапаттың ортасынан аман келген ардагер жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде де алғы шепте. Ерлікке толы жолдары кейінге өнеге, ақыл-кеңесі болашаққа бағдар. Ұрыс даласындағы ерліктің естеліктеріне қанық болған студенттер қарт жауынгерге ыстық ықыластарын жеткізді.