Қаратайдың гүлді өрісі – Сауранға серпін беретін жаңа бастама
Сауран ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласында даму бағыттарын нақтылап, жаңа бастамаларға бет бұрып келеді. Бұл ретте аудан делегациясының Түркияның Қаратай ауданындағы сапары өңір үшін маңызды тәжірибе мектебіне айналды. «Karatay Lavanta Günleri 2025» халықаралық мерекесі аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараға арнайы шақыртумен қатысқан Сауран делегациясы агротуризм, экологиялық өндіріс және ауылдық кәсіпкерлік саласындағы инновациялық тәжірибелермен танысты. Делегация құрамында Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мұхаммеджан Жұмадуллаев, аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов, “Жасыл Сауран” коммуналдық мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық және жергілікті кәсіпкерлер болды.
Қаратай өңіріндегі лаванда алқаптары бүгінгі таңда Түркиядағы ең ірі біртұтас гүл алаңы ретінде танылып отыр. 2020 жылы алғаш рет отырғызылған лаванда көшеттері бүгінде 340 гектар жерді алып жатқан алқапқа айналып, экологиялық туризм мен кәсіпкерлік өрістің үлгісі болып отыр. Бастапқыда бұл аумақ қоқыс төгілетін бос жатқан алқап болатын. Қаратай әкімдігінің бастамасымен жасалған жоба аясында бірнеше жылдың ішінде бұл жер ел назарын аударған экожобаға айналды. Қазіргі таңда мұнда тек гүл егу ғана емес, сонымен қатар эфир майы, табиғи хош иістер, сабын, крем, шәй, естелік бұйымдар сынды өнімдерді дайындайтын толыққанды өндіріс желісі қалыптасқан. Мұның барлығы агроөнеркәсіп пен туризмді тиімді байланыстыру арқылы жасалған нақты нәтиже.
Сапар аясында Сауран делегациясы лаванда гүлінің ауыл шаруашылығындағы, өндірістегі және туризм саласындағы әлеуетімен тереңірек танысты. Делегация мүшелеріне гүлдерді отырғызу мен күтіп-баптау, өңдеу және өнімге айналдыру үдерістері егжей-тегжейлі көрсетілді. Бұл тәжірибе Сауран ауданы үшін пайдалы шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, жергілікті табиғи климат пен жер құнарлылығына бейімделген лаванда бақтарын салу мүмкіндігі жан-жақты зерттеліп, ауданда пилоттық жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.
Қаратай тәжірибесі ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзі болатын кәсіп көзін ашып беріп отыр. Гүлден алынатын өнімдердің нарықтағы сұранысы жоғары. Сонымен қатар, туризммен бірге дамытылған экожоба ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жақсартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашуда. Сауран үшін де бұл — агротуризм мен шағын және орта бизнесті ұштастыра отырып, экономикаға қосымша серпін берудің жолы.
Жергілікті кәсіпкерлер үшін лаванда өсірудің тиімділігін арттыратын тағы бір жайт – бұл дақыл көп күтім мен шығынды қажет етпейді, алайда табысы жоғары. Бұдан өзге, лаванда егістігі фото-туризм мен эко-саяхаттар үшін тамаша орта қалыптастыра алады. Қаратайдағы тәжірибе соның нақты дәлелі. Мұнда жыл сайын мыңдаған турист арнайы осы лаванда бақтарын көруге келіп, жергілікті экономикаға өз үлесін қосуда.
Сапар қорытындысында Сауран ауданында лаванда өсіру жобасын іске асыру мақсатында нақты келісімдер мен ұсыныстар пысықталды. Жобаны бастапқы кезеңде шағын аумақта пилоттық негізде жүзеге асырып, нәтижесіне қарай ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл тек ауыл шаруашылығы емес, кәсіпкерлік, туризм, мәдениет және әлеуметтік даму салаларына да оң әсерін тигізбек. Екіжақты ынтымақтастықты дамыта отырып, тараптар тәжірибе алмасу, өндірістік технологиялармен бөлісу, инвестиция тарту бағытында да жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Жалпы алғанда, Қаратайдың гүлденген өрісі – Сауран үшін тың серпін мен жаңа мүмкіндіктер алаңы. Табиғатпен үйлесімді жобалар мен адамның еңбегін дәріптейтін мұндай бастамалар болашақта Сауранның ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын жаңа деңгейге көтеретіні анық. Лаванда бақтары – тек сән емес, бұл – экономикалық пайда, әлеуметтік тұрақтылық, экологиялық үйлесім және ауыл өміріне жаңа тыныс беретін бастама.