ҚАРАҚАТ ӘБДЕН: ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ НАСИХАТТАЙМЫЗ

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Шымкент қаласының сайлаушыларымен жүздесіп, жиналған жұртты өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Қала тұрғындары, туристік сала мамандары, қазақ ұлттық тағамдарына негізделген мейрамханалардың өкілдері мен кәсіпкер әйелдер қатысқан кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер мен отандық туризмді дамыту сұрақтары талқыланды.

«Шымкент қаласының ішкі және сыртқы туризмді дамытуда әлеуеті өте зор. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен инфрақұрылымның жақсаруы – туризмді дамытудың бір ғана қыры. Осы саланы жетілдіру арқылы біз еліміздің ұлттық және тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттай аламыз. Қазақ ұлттық тағамдарын жаңғыртып, туристерді қызықтырудың ең ұтымды бағытын дамытып жүрген кәсіпкерлердің де бастамаларына қолдау көрсету керек», деді Қ.Әбден.

Сайлаушылармен кездесуден кейін кандидат өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, «Көксарай» футбол турнирінің жеңімпаздарымен кездесті. Өзінің құттықтау сөзінде Қарақат Әбден бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, кандидат аймақтағы сайлауалды штабының өкілдерімен жүздесіп, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелерімен танысты.