Айыппұл және қамауға алу: жалған ақпарат таратқан блогерлер жауапқа тартылады

Сенат депутаттары екі оқылымда «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылдады.

Қазақстанда блогерлер жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады.

Заңда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі жаңа 456-2 баппен толықтырылды. Онда онлайн платформа пайдаланушылары мен блогерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Әкімшілік айыппұл сомасы:

жеке тұлғалар үшін 20 АЕК;

кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 30 АЕК;

шағын кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар үшін — 40 АЕК;

орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 80 АЕК;

ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін-100 АЕК.

Сондай-ақ бір жылда қайтадан құқық бұзғаны үшін:

жеке тұлғаларға — 40 АЕК немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу;

блогерлерге — 15 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу;

шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК;

орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 120 АЕК;

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 250 АЕК көлемінде айыппұл салынады.