АЙГЕРІМ ЕРАЛЫҚЫЗЫ: «БАСТЫ МАҚСАТ – ЖАСТАРДЫ ШЫҢДАУ»
Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Айгерім Ералықызы Дүйсенбековамен сұхбат жүргізген болатынбыз:
– Айгерім Ералықызы Сауран ауданында жастар ресурстық орталығы қашан ашылды? Жалпы осы орталықтың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?
– Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» Түркістан облыстық әділет басқармасында 2021 жылы 12 шілдеде тіркелді. Жастар ресурстық орталығы – жастардың әлеуметтік әрі тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым. Біздің басты мақсат – жастарды шыңдау, жастарды қолдау. Жастар орталығында 3 бөлім жұмыс жасайды. Атап айтсақ, «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімі, «Талантты жастарды қолдау және БАҚ-мен жұмыс» бөлімі, «Талдау, мониторинг және әлеуметтік зерттеу» бөлімі. Орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыстар атқарады. Тоқталып өтсем: «Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту» бойынша «Серпін-2050»
мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрақты түрде тікелей эфир жұмыстары жүргізілді. Жоғары сынып оқушыларына «Мамандық таңдау» тақырыбында болашақ жас түлектерге семинар-тренинг өткіздік.
Оқушылардың білім беру сапасын көтеру мақсатында ауылдық округтерде интеллектуалды сайыс және оқушылар арасында дөңгелек үстелдер өтті. Негізгілерін атап айтқанда «Жас көшбасшы» зияткерлік сайысы, «Интеллект баттл» интеллектуалды сайысы, «Тұлға» семинар-тренингі, «Сыбайлас жемқорлық қоғам дерті» атты пікір-сайыстары жақсы деңгейде өтті.
Екінші бағыт: Денсаулықты сақтау және көтермелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту бойынша Сауран ауданында жастар мен жасөспірімдер арасында денсаулық сақтау мақсатында тұрақты медициналық тексерістен өту, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, аудан көлемінде спорттық іс- шаралар өткізілді. Негізгілерін атап айтқанда кең көлемде «Ұлттық спорт – салауатты өмір бастауы» атты аудандық сайыс және мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» атты волейбол турнирі, «Татулық-достықтың киелі белгісі» атты кіші футбол турнирі, «Бала-өмір шырағы» атты толағай отбасылық сайысы, «Ел ертеңі-есірткісіз болашақ» атты үстел теннисі, «25 қазан Республика күніне» орай кіші футболдан турнир өтті.
Құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу бағытында Сауран ауданында жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-аналардың құқықтық тәрбиесін арттыру, жастар мен жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында кездесулер, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу мақсатында көптеген іс- шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында, жастардың түнгі уақытта беймезгіл жүруін қадағалау мақсатында Сауран аудандық полиция бөлімімен бірлескен түнгі рейд жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Сонымен қатар, жастарды мәдени дамытуға жәрдемдесу, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында көптеген іс-шара өткізілді. Олар: «Сауран таланттары», аудан жастары арасында «Жайдарман» ойыны, «ӘН САLIKE» атты Сауран ауданынан Түркістан қаласына тарту, Ерекше қабілетті жастармен концерттік іс-шаралар, әр тоқсан сайын аудан әкімінің жастармен кездесуі тұрақты түрде өткізілді.
Жастар арасында психо-профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеміз. Нақтырақ айтсақ, дені сау болашақ ұрпақ қалыптастыру мақсатында, «Ақ жүзік» қыздар клубы құрылды. «Бүгінгі қыз – ертеңгі ана», «Қыз бала – ұлттың ұяты», «Қыз өссе елдің көркі», «Қызға қырық үйден тыйым», «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Қыз балалардың бойжетуі», «Қыз өмірдің қызғалдағы» аудандық емхана медбикелерінің қатысуымен кездесулер, семинар – тренингтер ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта да осы бағыттар бойынша тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп, жүйелі жұмыс жалғасын табады.
– Жастардың интеллектуалдық, саяси, экономикалық және кәсіптік жетілуіне қалай ықпал етіп отырсыздар? Осыған орай, сіздер жетілдірген талантты жастардың қандай жетістіктерін атар едіңіз?
– Жалпы аудан бойынша жастар саясатына қосып жатқан үлесіміз айтарлықтай көп. Түрлі салаларда жастардың белсенді болуына, интеллектуалды ортаны қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылуда. Талантты жастарды анықтап, болашақта үлкен белестерден көрінулері үшін барынша облыстық, республикалық деңгейде өтіп жатқан іс-шараларға жастарды тарту арқылы өз жолын тапқан жастар саны артуда. Атап айтар болсам, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Сен талантсың!» атты шығармашылық кеш байқауына Сауран ауданының атынан өзінің ерекше талантымен көзге түскен жастарымыз бар. Басқа да, облыстық, республикалық спорттық сайыстарда, интеллектуалды ойындар және ән мен би байқауларында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жастарымыз көп.
Біздің орталықтың негізгі бағыты -: жастарды жұмысқа ынталандыру, жұмыспен қамту және жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша, тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде: ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған жастар – 398, тұрақты жұмысқа жолдама алған жастар – 352, «Жастар практикасымен» жолданған азаматтар – 313 болды.
Сонымен қатар жастарға «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу» бағдарламасын насихаттаудың нәтижесінде көптеген жастарымыз кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік гранттарды жеңіп алып, өз жеке бизнестерін дамытуда. Атап айтар болсақ, Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округі, Құмтүйін елді мекенінің 25 жастағы тұрғыны Дәулет Дүйсембекұлы өзінің бизнес бастау жобасын ұсына отырып, осы мемлекеттік грантты жеңіп алып, қазіргі таңда «жылжымалы москит» торын жасап, өз жұмысын жандандырып отырса, Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны жас кәсіпкер, Сырбек Ербұқарұлы ат әбзелдерін жасап, қазақтың кереметтей қолөнерін дамытуға үлесін қосып келеді. Осы секілді тағы да басқа жастарымыз түрлі бағыттар бойынша өз кәсіптерін дөңгелетіп, ауданымыздың экономикалық өсуіне ықпал етіп отыр.
– Ел ішіндегі түрлі деңгейдегі сайлаулар, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келесіздер ме?
– Әрине. Өзіңізге мәлім, жақында өткен ҚР Президентін сайлау кезінде жастардың ел болашағының жарқын болуы үшін әділ шешім қабылдай отырып, өз дауысын беруге, осы сайлауда жастардың дауысы маңызды екендігін түсіндіре отырып, онлайн және офлайн форматта кездесулер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ауданның тазалығы үшін ерікті жастарды тарта отырып, қарттарға жәрдемдесу, тазалық жұмыстары тұрақты атқарылып келеді.
Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, жастардың ерікті қызметін іске асыру бағыты бойынша ашылған «Жалын» еріктілер клубымен бірлесе отырып, 23 қайырымдылық акцияларын өткіздік.
Атап айтқанда, «Қостанайға көмек» акциясы аясында Сауран ауданынан 3 тоннадан аса әлеуметтік көмек көрсетілді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, зайырлылық және қоршаған ортаны құрметтеу- жастардың парызы. Осы орайда аудан аумағындағы еріктілерді тарта отырып, қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстауға шақыру мақсатындағы эко акцияларды жүйелі түрде өткізіп келеміз. Эко акциялар барысында, көше бойларын қоқыстардан тазарту, ағаштар ақтау, әрлеу, жаяу жүргіншілер жолдарын әрлеу, тазалау және т.б осы секілді көптеген шараларды ұйымдастырдық.
– Өзіңіз жақында «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атандыңыз. Осы үлкен жетістігіңіз құтты болсын! Осы орайда, биылғы жылғы жеткен жетістіктеріңіз бен келер жылға арналған жоспарларыңызды айтып өтсеңіз?
– Иә, көп рахмет. Жалпы мәдениет саласында қызмет жасап жүріп көптеген нәтижелі жұмыстар мен жетістіктер де болды. Десе де шығармашылықтан қол үзгелі біршама жылдар болған екен, араға үш-төрт жыл уақыт салып, құласаң нардан құла дегендей осы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық қолдауымен «Bilim-orkenietі» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен, «Қазақстан Құрметті азаматы» байқауына қатысуға бел байладым. Нәтижесін өздеріңіз білетіндей «Қазақстанның Құрметті азаматы» атандым. Байқау жеңімпазы атандыңыз деген кездегі қуанышым ерекше болды, Астана қаласында Министрліктер үйінде кереметтей салтанатты, марапаттау шарасы өткізілді. Барып, қатысып куәсі болып қайттым. Десе де мен үшін ең үлкен жеңіс ол ата-анамның үмітін ақтау, туған-туыс бауырларымның маған артқан сенімін ақтау мен үшін нағыз жеңіс дер едім. Жалпы байқаулардың, не болмаса еңбектің нәтижесінде, қызметтің нәтижесінде келетін жетістіктерді мен тек сәттілікке ғана балаймын. Алдағы уақытта атқаратын жұмыстар өте көп. Жоғары биіктерден көрінуге айқын мақсатпен, нық қадаммен аяқ басуға, туған жерге қызмет етуге, ел үмітін ақтауға әрқашанда дайынбыз.
-Жаңа жылда Саурандықтарға қандай тілек тілейсіз?
– Жастық шақ қашанда энергия мен идеяға, қайрат пен жігерге толы болады. Бойдағы күшті игілікке, ізгілікке, жаңа дүниелер жасауға жұмсаса одан ешкім ұтылмасы ақиқат. Осы тұста Жастар саясатымен айналысып ауданның дарынды, талантты жастарын таныту бағытында қызмет жасап келемін. Ұлттық сезімі терең, күш-жігері ерен жастар Сауран ауданында жоқ емес. Облыстық, Республикалық байқауларда түрлі бағыттағы сайыстарда мамандарым, аудан жастары жүлделі орындармен топ жарып жүр. Жоғарыда айтып өткенімдей 2022 жылдың өзіне сай жетістігі бола білді.
Сұхбаттасқан: Л. САРЫБАЕВА.