ABAI UNIVERSITY: «EDUHK — ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ»  МЕН  «ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде EdUHK -Қазақстан білім академиясының  және озық тәжірибе орталықтарының салтанатты ашылуы рәсімі  өтті. Бұл іс-шара Гонконг білім академиясының, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰҚПУ-дың Академиялық ортаны жақсартуға және жаһандық ауқымда тұрақты білім беру практикасын дамытуға бағытталған бастамасы негізінде жүзеге асып отыр. Академияның қызметі білім беру саласындағы инновациялық зерттеулер мен идеялармен алмасуды ілгерілетуге бағытталатын болады. Сондай-ақ Қазақстан мен жалпы Орталық Азиядағы білім беру жүйелерін жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жиынға арнайы келген Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) президенті, профессор — Джон Ли Чи-Кинді Абай университетінің Басқарма төрағасы Болат Тілеп қарсы алды.

Салтанатты шараның маңыздылығына тоқталып, арнайы құттықтау хатын жолдаған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке шететелдік меймандар алғысын білдірді.

«Бүгін біз білім беруді дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып,  инклюзивті білім беру мен жасанды интеллектті отандық білім беру жүйесіне енгізуге маңызды қадам жасап отырмыз. Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) қолдауымен Қазақстандық білім беру академиясының құрылуы еліміз және бүкіл өңір үшін маңызы зор» — деді жиында сөз алған университет ректоры Болат Анапияұлы.

Қазақстандық білім беру академиясының ашылуы халықаралық білім мен тәжірибе алмасуға, озық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік  беретіні сөзсіз.

«Гонконг Білім академиясының Қазақстандағы жетекші университеттердің алдыңғы қатарындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанынан «EdUHK — Қазақстан білім беру академиясын» ашу бастамасы жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін жаһандық жоба » —  деді профессор Джон Ли Чи-Кин.

Мұнан соң, Гонконг білім беру университетінен және еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан келген қонақтар  Абай университеті жанынан ашылған  «Инклюзивті білім беру және білім берудегі жасанды интеллект» орталығының жұмысымен танысты.  Бұл орталық алдағы уақытта білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және оқыту сапасын жақсартуға ықпалын тигізетін болады. Жаңа білім беру нысаны  педагогика және білім беру саласында озық зерттеулер жүргізетін орынға айналады деген жоспар бар. Заманауи технологиялар мен тәсілдерді үйрету арқылы педагогтартарды даярлау бағытында да жұмыс жасайтын болады.

Инклюзивті білім беретін инновациялық орталық еліміздің жоғары оқу орындары мен  педагогикалық қоғамдастығы үшін үлгі болып, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру ордасы ретінде танытуға септігін тигізетіні анық.