АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕННІҢ ТІРЕГІ – ВЕТЕРИНАРИЯ. ОТЫРАРДА САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ветеринария – агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, мал шаруашылығының өнімділігі мен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда ерекше маңызға ие стратегиялық сала. Ел Президентінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ветеринария қызметін жетілдіруге, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ветеринар мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді.

Осыған орай бүгін Отырар аудандық әкімдігінің мәжіліс залында Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, сала ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетілді.

Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, ветеринария саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Жиын барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы ветеринария қызметкерлерінің ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтудағы, мал басының амандығын сақтаудағы және жұқпалы аурулардың алдын алудағы еңбектеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар ол сала мамандарының тынымсыз еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары ветеринария саласының қалыптасу тарихына тоқталып, бүгінгі таңда ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылау, профилактикалық вакцинациялау, жануарларды бірдейлендіру, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал иелеріне сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов та сөз алып, ветеринария қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапты міндетіне тоқталды. Ол ветеринария саласы тек мал шаруашылығының ғана емес, жалпы халық денсаулығының, экологиялық қауіпсіздіктің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының маңызды кепілі екенін атап өтіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген барлық мамандарға депутаттар корпусы атынан алғысын білдірді.

Салтанатты жиында ұзақ жылдар бойы ветеринария саласында абыройлы еңбек еткен ардагерлер де сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен өз еңбектеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, кейінгі буын мамандарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, адал қызмет етудің маңыздылығын жеткізді.

Іс-шара барысында ветеринария саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен өз ісінің үздік мамандары арнайы марапаттарға ие болды. Оларға Алғыс хаттар табысталып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.

Мұндай тағылымды іс-шаралар сала қызметкерлерінің еңбегін дәріптеп қана қоймай, жас мамандардың кәсіби жауапкершілігін арттыруға, ветеринария мамандығының қоғамдағы беделін нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі дамуына серпін береді.