ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА. АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды кезекті жеке қабылдауында қабылдап, азаматтардың талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі жер қатынастарына қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жер телімін рәсімдеу, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жер пайдалану құқығы, жайылым жерлер, жер учаскелерінің шекарасын нақтылау және заң талаптарына сәйкес құжаттандыру мәселелері бойынша сауалдар қойылды.
Сонымен қатар тұрғындар инфрақұрылым, ауыз су, автомобиль жолдары, әлеуметтік көмек және ауылдарды дамытуға қатысты ұсыныстарын да жеткізді.
Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме берілді. Жауапты бөлім басшылары мен тиісті мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, жедел шешілуі мүмкін мәселелер сол жерде оң шешімін тапты. Ал қосымша зерделеуді және заң аясында қарауды қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, олардың орындалуы бойынша жауапты тұлғаларға міндеттер белгіленді.
Жер қатынастары – тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан аудан әкімдігі бұл бағыттағы мәселелердің заң талаптарына сай әрі ашық қаралуына ерекше мән береді.
Халықпен тұрақты кері байланыс орнату, тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектеріне жедел ден қою және өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – аудан әкімдігі қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, барлық өтініштердің орындалуы тұрақты бақылауда болады.
