САУРАНДА ЯСАУИ ТАҒЫЛЫМЫ МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Сауран ауданында халқымыздың рухани мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәстүрлі дүниетанымды кеңінен таныту мақсатында «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Рухани-ағартушылық бағыттағы маңызды іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, жастардың діни сауаттылығын арттыру және тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау болып табылады. Осы бағытта Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын зерттеу мен насихаттау ерекше маңызға ие. Өйткені Ясауи ілімі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дүниетанымының, ізгілік пен адамгершілік қағидаттарының қайнар көзі.
Семинардың модераторы ретінде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов сөз сөйлеп, Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу мен оны кеңінен танытудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері бүгінгі қоғам үшін де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлы ойшылдың мұрасы жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа, ізгілікке және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуде маңызды орын алады.
Жиында Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы сөз алып, елімізде жүргізіліп отырған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, азаматтардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу және деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.
Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мухаммеджан Ергешбайұлы Джумадиллаев өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи мұрасы жастардың рухани тәрбиесін қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеу, қоғамдық келісімді нығайту және рухани тұтастықты сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Ғылыми-танымдық семинар барысында профессор, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит мазмұнды баяндамалар жасады.
Спикерлер өз баяндамаларында Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы мен рухани мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ «Диуани хикмет» еңбегіндегі адамгершілік, адалдық, сабырлылық, еңбекқорлық, әділдік пен мейірімділік секілді асыл қасиеттердің мәні жан-жақты түсіндірілді.
Семинар барысында Ясауи ілімінің қазақ халқының дүниетанымын қалыптастырудағы орны, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы рөлі және қоғамдық келісімді нығайтудағы ықпалы туралы кеңінен пікір алмастырылды. Қатысушылар ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қоғамдағы рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жастар арасында дұрыс діни танымды қалыптастыру және жалған діни ақпараттардың алдын алу мәселелері де қозғалды. Бұл ретте ғылыми негізделген діни білім мен ұлттық құндылықтарды қатар дәріптеу қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі екені айтылды.
Семинар сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жан-жақты пікір алмасты. Мұндай кездесулер халықтың діни сауаттылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететіні ерекше аталып өтті.
«Ясауи керуені» ғылыми-танымдық жобасы Түркістан облысында кезең-кезеңімен жалғасып, өңір тұрғындарына Қожа Ахмет Ясауидің мол рухани мұрасын кеңінен таныстыруды, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеуді және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуды мақсат етеді.
