САУРАНДА ҚАРҚЫНДЫ АЛМА БАУЫНАН МОЛ ӨНІМ ЖИНАЛУДА

Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның жарқын мысалының бірі – Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан қарқынды алма бағы. Бүгінде шаруашылықта өсірілген сапалы алма өнімін жинау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуда су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және жоғары өнімді бақ шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Сауран ауданында да қарқынды бақ шаруашылығы кеңінен дамып, инновациялық агротехнологиялар енгізілуде.

Жаңа Иқан ауылдық округіндегі алма бағының жалпы аумағы 70 гектарды құрайды. Шаруашылықта әр гектарға шамамен 2 мың түп алма ағашы отырғызылып, қарқынды бақ өсіру технологиясы толықтай енгізілген. Мұндай тәсіл өнімділікті арттырып қана қоймай, жерді тиімді пайдалануға және сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.

Алма бағы толықтай заманауи тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Бұл технология әрбір ағаштың қажетті мөлшерде су алуын қамтамасыз етіп, су шығынын едәуір азайтады. Сонымен қатар тыңайтқыштарды сумен бірге дәл мөлшерде беру арқылы ағаштардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасалады. Нәтижесінде өнім сапасы артып, шығын көлемі төмендейді.

Мамандардың айтуынша, биыл әр түп алма ағашынан орта есеппен 20 келіге дейін өнім алу жоспарланып отыр. Бұл шаруашылықта жүргізілген агротехникалық жұмыстардың тиімділігін және су үнемдеу технологияларының жоғары нәтижесін көрсетеді.

Қазіргі таңда алма жинау науқаны кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінге дейін 30 гектар алқаптағы өнім толық жиналып, қалған 40 гектардағы алма өнімін жинау жұмыстары жалғасуда. Жиналған өнім сұрыпталып, ішкі нарыққа жөнелтілуде.

Шаруашылықта өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта алма мен басқа да жеміс-жидек өнімдерін ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи қойманың құрылысы қолға алынған. Бұл қойма өнімнің табиғи сапасы мен тауарлық қасиетін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

Жаңа қойма іске қосылғаннан кейін өнімді маусымаралық кезеңде де нарыққа тұрақты жеткізуге жағдай жасалып, сақтау барысында болатын шығын көлемі азаяды. Сонымен қатар шаруашылықтың өткізу мүмкіндігі кеңейіп, ішкі нарықты жыл бойы сапалы жеміс өнімдерімен қамтамасыз етуге жол ашылады.

Сауран ауданында қарқынды бақ шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұндай жобалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге маңызды үлес қосып келеді.