САУРАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сауран ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жаңа өндірістік жобаларды қолдау мақсатында «Инвест керуен» жобасы аясында кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, кәсіпкерлер, инвесторлар және инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпорындардың басшылары қатысты.
«Инвест керуен» жобасының негізгі мақсаты – өңірлердегі кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын түйткілдерді дер кезінде анықтау, мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру. Бұл бастама кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуына ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инвестициялық саясатты жетілдіру, өндірісті әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жеке инвестицияларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Президент инвестиция тарту мәселесін экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде белгілеп, мемлекеттік органдардың негізгі міндеті инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және кәсіпкерлердің құқықтарын толық қорғау екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Осы саясат аясында еліміздің барлық өңірлерінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Сауран ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Кеңес барысында ауданның инвестициялық әлеуеті, іске асырылып жатқан өндірістік жобалардың қазіргі жағдайы және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев өз сөзінде инвестиция тарту аудан экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Инвестиция – жаңа жұмыс орындары, өндіріс көлемінің ұлғаюы, бюджет кірісінің артуы және халықтың әл-ауқатының жақсаруы деген сөз. Сондықтан әрбір инвестициялық жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы аудан үшін маңызды. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлермен тұрақты байланыста болып, олардың ұсыныстары мен мәселелерін дер кезінде қарастыруы қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын барысында Сауран ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету және туризм салаларында жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Баяндамада өндірістік инфрақұрылымды дамыту, өндіріс алаңдарын тиімді пайдалану, инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін жауапты мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысының маңыздылығы айтылды.
Кеңесте аудан прокуроры Алмаз Асылбеков кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Ол кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу, инвесторлардың заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік органдардың қызметінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету прокуратура органдары жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету, олардың өтініштері мен ұсыныстарын уақытылы қарау және заң аясында қажетті көмек көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілетіні жеткізілді. Жиын барысында кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, электр энергиясымен қамтамасыз ету, жер қатынастары, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және өндірістік алаңдарды дамыту мәселелері талқыланды.
Әрбір көтерілген мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдардың басшылары нақты түсіндірме беріп, заңнама аясында шешу жолдарын ұсынды. Кейбір мәселелер бойынша қосымша зерделеу жүргізіліп, оларды шешу үшін жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Қатысушыларға инвестициялық жобаларды субсидиялау, инфрақұрылым тарту, жеңілдетілген несие беру, кепілдік құралдары, өндірісті кеңейтуге арналған мемлекеттік бағдарламалар және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Кеңес барысында аудан экономикасын әртараптандырудың маңыздылығы ерекше аталып өтті. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістер ашу, заманауи технологияларды енгізу және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды көбейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.
Сауран ауданы соңғы жылдары инвестиция тарту бағытында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналып келеді. Ауданда өндіріс орындарының көбеюі, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы және инфрақұрылымның кезең-кезеңімен дамуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті экономиканың әлеуеті артып келеді.
«Инвест керуен» жобасы аясындағы мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде кездесетін түйткілдерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын ескеруге, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға және өңірдегі инвестициялық климатты жақсартуға оң әсерін тигізеді.
Жиын қорытындысында қатысушылар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейту, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру және жаңа инвестициялық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
