Сауранның өнері төрге шықты: «Өнерлі өлке» фестивалінде мәдени мұра дәріптелді
Түркістан облысында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының мәдени күндері жоғары деңгейде өтіп, ауданның шығармашылық әлеуеті мен ұлттық өнерге қосып отырған үлесі көпшілік назарына ұсынылды. Мәдени шара барысында өнер ұжымдары мен шығармашылық өкілдері ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін сахналап, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын кеңінен насихаттады.
Фестивальдің басты мақсаты – өңірлердің мәдени әлеуетін таныстыру, халық шығармашылығын қолдау, ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұраны сақтау және шығармашылық ұжымдар арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту.
Салтанатты ашылу рәсімінде Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев сөз сөйлеп, ұлттық мәдениет пен өнер – елдің рухани дамуының маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті. Ол мұндай мәдени жобалар ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға зор ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан мәдениет саласын дамыту, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, шығармашылық ұжымдарды қолдау, талантты жастардың өнерін шыңдауға жағдай жасау және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстардың тұрақты жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мәдени бағдарлама барысында Сауран ауданының өнерпаздары халық әндері мен күйлерін орындап, ұлттық би өнері мен дәстүрлі орындаушылық өнердің көркем үлгілерін көрермен назарына ұсынды. Театрландырылған көріністер, әдеби-музыкалық композициялар және фольклорлық қойылымдар арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық болмысы мен рухани құндылықтары кеңінен дәріптелді.
Көрермендер аудан өнерпаздарының жоғары орындаушылық шеберлігіне ризашылықтарын білдіріп, концерттік бағдарлама ерекше ықыласпен қабылданды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесі мен этномәдени экспозициялар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Көрмеде Сауран ауданының қолөнер шеберлерінің туындылары, ұлттық тұрмыстық бұйымдар, зергерлік өнер үлгілері, дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер қойылып, өңірдің мәдени ерекшелігі жан-жақты таныстырылды.
Сонымен қатар ауданның тарихи орындары, туристік әлеуеті, ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасын таныстыратын арнайы көрме ұйымдастырылып, келушілерге өңірдің рухани байлығы туралы кеңінен ақпарат берілді.
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасуына, халық шығармашылығын қолдауға, ұлттық мәдениетті дамытуға және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени алаң ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сауран ауданының мәдени күндері аудан өнерпаздарының кәсіби шеберлігін, шығармашылық әлеуетін және ұлттық өнерді дамытуға қосып отырған үлесін айқындап, көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
