САУРАНДА АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ БЮДЖЕТ ИГЕРУ, АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сауран ауданы әкімдігінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты мекеме жетекшілері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысы сараланды.
Аппараттық мәжілісте ауданның тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудандық бюджеттің игерілуі мен қаржылық тәртіптің сақталуына арналды. Бұл бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасап, бюджеттік бағдарламалардың орындалуы, бөлінген қаржының игерілу деңгейі, жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы және қаржылық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде ақпарат берді.
Баяндаманы тыңдаған аудан әкімі бюджет қаражатының әр теңгесі тиімді әрі мақсатты жұмсалуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар бюджеттік бағдарламалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Мәжілістің екінші мәселесі елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау жұмыстарына арналды. Бұл жөнінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жолдас Мирзабеков баяндама жасап, аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Баяндама барысында көшелерді тазалау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, ағаш көшеттерін отырғызу, жасыл аймақтарды көбейту, қоқысты уақытылы шығару және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берілді.
Аудан әкімі барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін, абаттандыру шараларының сапалы орындалуын және тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе ауданның денсаулық сақтау саласының жай-күйіне арналды. Бұл бойынша аудандық емхананың басшысы Сапарали Әбдиев баяндама жасап, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы, профилактикалық жұмыстар және денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштер жөнінде есеп берді.
Баяндама барысында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, профилактикалық тексерулердің тиімділігін арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау және созылмалы аурулардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімі тұрғындардың денсаулығын сақтау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруды, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қоюды және алғашқы медициналық көмектің тиімділігін күшейтуді тапсырды.
Мәжіліс қорытындысында Мақсат Таңғатаров барлық жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, бюджеттің тиімді игерілуін, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Сонымен қатар аудан басшысы әрбір мемлекеттік органның қызметі нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін айтып, белгіленген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
