САУРАНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖАҢА БАСЫЛЫМЫ ДЕПУТАТТАРҒА ТАБЫСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің өзегі, мемлекеттіліктің берік негізі және тәуелсіздіктің басты тұғыры. Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау қағидаттары айқындалған. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған реформалардың негізінде Конституцияның қағидаттарын өмірде тиімді іске асыруға, әділетті әрі құқықтық мемлекет құруға ерекше мән беріліп келеді.

Осыған орай, Сауран аудандық мәслихатының кезекті сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымын аудандық мәслихат депутаттарына салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, Конституция – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Ол Ата Заңда елдің демократиялық даму қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік билік органдарының қызметі мен қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын құндылықтар бекітілгенін айтты.

Сонымен қатар аудан әкімі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси реформалардың түпкі мақсаты – Конституцияда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде тиімді жүзеге асыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру екенін атап өтті.

Мақсат Таңғатаров аудандық мәслихат депутаттарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асуына қосып жүрген үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ депутаттардың халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтудағы рөліне тоқталып, оларға Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымын салтанатты түрде табыстады.

Өз кезегінде Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев Конституция – Қазақстан Республикасының ең жоғары заңдық күші бар негізгі заңы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң елдің тұрақты дамуының, қоғамдық келісімнің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сенімді кепілі болып табылады.

Сондай-ақ ол Конституцияның 11 бөлім мен 96 баптан тұратынын айтып, әрбір мемлекеттік қызметші мен депутат өз қызметінде Конституция талаптарын басшылыққа алуы тиіс екенін жеткізді. Заң талаптарын бұлжытпай орындау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз ету – барша мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеті екенін атап өтті.

Іс-шара соңында қатысушылар Ата Заңның қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ел игілігі жолында адал қызмет ету, заң үстемдігін нығайту және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу – ортақ міндет екенін жеткізді.

Конституцияның жаңа басылымын табыстау рәсімі заң үстемдігін дәріптеуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызмет пен өкілді билік органдарының қызметінде Ата Заңның маңызын арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.