САУРАН ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАП, ӨТІНІШТЕР МЕН ҰСЫНЫСТАРДЫ ТЫҢДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, халықпен тұрақты кері байланыс орнату және тұрғындардың өзекті мәселелерін заң талаптарына сәйкес шешу мемлекеттік басқарудың басты қағидаттарының бірі болып табылады. Осы бағытта Сауран ауданында тұрғындармен ашық диалог жүргізу және олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып нақты шешімдер қабылдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осыған орай, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарын кезекті рет жеке қабылдап, азаматтардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық және жер қатынастарына қатысты көтерген мәселелерін тыңдады.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін алу, тұрақты және қоғамдық жұмысқа орналасу, елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол белгілерін орнату және тарихи-мәдени, киелі орындарды дамыту мәселелері бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғын үй құрылысына жер телімін алу мәселесіне қатысты заң талаптары кеңінен түсіндірілді. Азаматтарға Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін беру тәртібі, жер кезегіне тұру және мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толық аяқталғаннан кейін жер телімдері заңнамада белгіленген кезектілік тәртібімен ұсынылатыны түсіндірілді.
Жұмыспен қамту мәселесін көтерген азаматтарға аудандық Мансап орталығы арқылы қолжетімді бос жұмыс орындары ұсынылып, тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және кәсіпкерлікті қолдау шаралары жөнінде кеңес берілді.
Инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қабылдаудың негізгі тақырыптарының бірі болды. Атап айтқанда, Жүйнек пен Шекербұлақ елді мекендерінің арасындағы көше жарығын орнату мәселесі көтеріліп, қазіргі уақытта жоба бойынша сметалық құжаттама әзірленгені айтылды. Жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылған жағдайда жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны тұрғындарға жеткізілді.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша жол белгілері мен жол таңбаларын орнату қажеттілігі қаралды. Осыған байланысты Түркістан облысының тиісті салалық басқармасына ұсыныс енгізілетіні мәлімделді.
Қабылдау барысында Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекеніндегі жаңадан пайдалануға берілген автомобиль жолына қажетті жол белгілерін орнату мәселесі де сөз болды. Жауапты сала мамандары бұл жұмыстардың белгіленген жоспарға сәйкес толық аяқталатынын хабарлады.
Азаматтар көтерген тарихи-мәдени мұра мен киелі орындарды дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы ұсыныстарды жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп зерделеу, туристік әлеуетті арттыру және мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, жауапты бөлім басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар әрбір өтініштің орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Мақсат Таңғатаров тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу мен азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру аудан әкімдігі жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықтың сенімін нығайту, ашықтық қағидатын сақтау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Сауран ауданында тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштеріне ерекше көңіл бөлініп, әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.
