САУРАН ӘКІМІ МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарымен кезекті жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жеке қабылдау тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді заң талаптарына сәйкес шешу және халық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ашық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Қабылдауға келген тұрғындар жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру саласына жұмысқа орналасу, қызметтік тұрғын үй беру, әлеуметтік қолдау шаралары, жер қатынастары, жайылым жерлерді тиімді пайдалану, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің жол, электр энергиясы және көшелерді жарықтандыру мәселелеріне қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.

Тұрғын үй мәселесі бойынша өтініш білдірген азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, тұрғын үй кезегіне қою және кезектілікті жүргізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасына қатысу талаптары мен мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беріліп, әрбір өтініш иесіне құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жұмыспен қамту мәселесін көтерген азаматтарға олардың білімі, мамандығы және еңбек тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыру, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау мүмкіндіктері түсіндірілді. Жауапты сала мамандарына азаматтардың өтініштері бойынша нақты жұмыстар жүргізу тапсырылды.

Қабылдау барысында ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымына қатысты мәселелер де кеңінен қаралды. Атап айтқанда, елді мекендерді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, ішкі жолдардың сапасын жақсарту және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы түсіндірме берілді. Сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде тұрғындарға жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Жер қатынастарына байланысты көтерілген мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жер учаскелерін беру тәртібі, жайылым жерлерді пайдалану талаптары, сондай-ақ жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімдері түсіндірілді. Азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі мен заң талаптарына сәйкес конкурсқа қатысу мүмкіндіктері жөнінде кеңестер берілді.

Әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарға мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік төлемдер мен өзге де қолдау шараларын алу тәртібі түсіндіріліп, жауапты бөлімдер тарапынан қажетті кеңестер ұсынылды.

Қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Жеке қабылдауға келген азаматтардың өтініштері заң талаптарына сәйкес қаралып, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатындығы атап өтілді.

Сауран ауданында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын дер кезінде қарау, халықпен кері байланысты күшейту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық беретін болады.