КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында кәмелетке толмаған азаматтарды жұмысқа тарту кезінде олардың еңбек құқықтарының сақталуы мәселесіне арналған жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға өңір кәсіпкерлері, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері және Палата қызметкерлері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде жұмысқа орналасатын кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру.
Жиын барысында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Дінмұхамед Иглікұлы еңбек заңнамасында кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдауға қатысты белгіленген талаптар мен шектеулерге кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартын жалпы тәртіппен 16 жасқа толған азаматтармен жасауға болады. Ал 15 жасқа толған жасөспірімдермен негізгі орта білім алған жағдайда еңбек шарты жасалса, 14 жастан бастап оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесіне кедергі келтірмейтін жұмыстарға ғана тартуға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған азаматпен бірге оның заңды өкілдерінің бірі де міндетті түрде қол қоюы қажет.
Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторы жазғы кезеңде еңбек инспекциясы, полиция қызметі және балалардың құқықтарын қорғау саласының мамандары республика көлемінде бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізіп жатқанын атап өтті. Рейдтер барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушілерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту, еңбек шартын жасаспау, жұмыс уақытының талаптарын бұзу немесе оларды ауыр әрі қауіпті жұмыстарға заңсыз жіберу фактілері анықталған жағдайда жұмыс берушілерге айыппұл салынып, заң аясында жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс еңбек заңнамасын сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Жаз мезгілінде көптеген жасөспірім алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алады. Бұл – олардың болашақ кәсіби қалыптасуына оң әсер ететін маңызды кезең. Алайда қандай жағдайда да баланың қауіпсіздігі мен еңбек құқықтары бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлер еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтап, кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде заң талаптарын толық орындауы қажет. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырады», – деді Әзірет Ыдырыс.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еңбек заңнамасын қолдану, еңбек шарттарын рәсімдеу және кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелер бойынша жауаптар алды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруға және өңірде заңсыз еңбек фактілерінің алдын алуға бағытталған.