Түркістанда іскер әйелдердің өңірлік конгресі өтті

Түркістан қаласында Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен және «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен «Түркістан облысы іскер әйелдерінің конгресі» өтті. Өңірдің бизнес қауымдастығын, мемлекеттік органдарды, қаржы институттарын, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарды біріктірген ауқымды жиын әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, экономикалық белсенділікті арттыру және жаңа мүмкіндіктерді талқылау алаңына айналды.

Конгресс жұмысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, «AMANAT»партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, сондай-ақ өңірдегі белсенді кәсіпкер әйелдер мен сарапшылар қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, табысты тәжірибелермен бөлісу және жаңа экономикалық бағыттарды насихаттау болды.

Форум барысында сөз сөйлеген спикерлер қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігінің тек әлеуметтік маңызға ие құбылыс қана емес, өңірлік экономиканың маңызды драйверіне айналғанын атап өтті.

Бүгінде Түркістан облысында мыңдаған әйел кәсіпкер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм, білім беру және қызмет көрсету салаларында табысты еңбек етіп келеді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосуда.

Конгресс аясында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – әйелдер кәсіпкерлігін күнкөріс деңгейіндегі шағын бизнестен жүйелі әрі тұрақты бизнеске көшіру болды.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының ұстанымы бойынша өңір экономикасының болашағы өндірісті дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу, кооперацияларды қалыптастыру және экспортқа бағытталған өнім көлемін арттырумен тығыз байланысты.

Бұл бағытта әйел кәсіпкерлердің әлеуеті жоғары бағалануда.

Конгрестің ерекше бөлігінің бірі TEDx форматында ұйымдастырылған мотивациялық және тәжірибелік сессиялар болды.

Спикерлер бизнестегі көшбасшылық, жасанды интеллект технологиялары, экспорттық әлеует, жеке тиімділік, креативті экономика және әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыптарында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Конгресс барысында заманауи экономиканың маңызды бағыттары да кеңінен талқыланды.

«Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы» төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева қатысушыларға жасанды интеллекттің бизнеске әсері мен оны кәсіпкерлікте қолданудың жаңа мүмкіндіктері туралы баяндады.

Ал Қазақстан Республикасы Экспорттаушылар қауымдастығы төрайымының орынбасары Мадинат Қаңлыбаева өңір кәсіпкерлерінің сыртқы нарықтарға шығу әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау тетіктері туралы ақпарат берді.

Спикерлердің пікірінше, алдағы жылдары цифрлық технологиялар мен экспорттық нарықтарды игеру кәсіпкерліктің негізгі даму бағыттарына айналады.

Конгресте айтылған маңызды ойлардың бірі – әйел кәсіпкерлігінің тек отбасы табысын арттыру құралы емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін стратегиялық ресурс екендігі болды.

Бүгінде кәсіпкер әйелдер жаңа өндірістер ашып, инновациялық жобаларды жүзеге асырып, әлеуметтік бастамаларды қолға алып келеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Форум соңында белсенді кәсіпкер әйелдер марапатталып, қатысушылар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Түркістанда өткен іскер әйелдер конгресі әйелдер кәсіпкерлігінің жаңа мүмкіндіктерін айқындап қана қоймай, өңір экономикасының болашақ даму бағыттарын талқылайтын маңызды алаңға айналды.