НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢА ДӘУІРДІҢ БАСТАУЫ
Құрметті жерлестер! Биылғы көктем Қазақ елі үшін айрықша тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі еліміз үшін жаңа дәуірге берік қадам басқан мерейлі сәтке айналды. 15 наурыз күні өткен жалпыұлттық референдум еліміздің саяси дамуының жаңа парағын ашты.
Осы күні Наурыздың шын мәніндегі сипаты көрініс тауып, елдік іске күш біріктірген біртұтас ұлт өзінің жарқын болашағын таңдады. Күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулыға жан бітірген кезең, халық бірлігінің беріктігін сынап, елдің жаңару мен жаңғыруға бет алғанын айқындаған тарихи сәт ретінде, халқымыздың тарихында мәңгі жазылды.
Жалпыхалықтық маңызға ие бұл мейрам, биыл да Рамазан айымен қатарласа келіп, дәстүр мен діннің жарасымды сабақтастығын көрсетті. Ал мейрам күндерге түскен Ораза айт мерекесі, халқымыздың рухани бірлігін нығайтып, ізгілік пен кешірімнің, татулық пен берекенің мәнін айрықша айқындай түсті.
Табиғаттың жаңаруымен бірге тіршілік жанданатын мезгілмен орайлас келген бүгінгі қастерлі мейрамдарымыз, халқымызды игі амалдар жасауға жетелеп, асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформаларды жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналды.
Референдумның нәтижесімен қабылданған жаңа Конституция Тәуелсіздік пен егемендіктің берік тірегі болып бекіді. Ата заңымыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі болып қала береді. Халықтың қолдауымен қабылданған бұл құжат еліміздің дамуының жаңа кезеңін айқындады.
Мемлекет басшысы 15 наурызды Конституция күні деп белгілеп, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде жыл сайын атап өтетінімізді айтты. Енді Наурыз онкүндігі 14 наурыз – Амал күнімен басталып, 15 наурыз – Конституция күнімен жалғасатын игі дәстүрге айналып, ұлттық жаңғыру мен мемлекеттіліктің мәнін тереңдете түседі.
Қазақстанның қайта өрлеуінің символына айналған референдум қоғамдағы жаңа саяси мәдениеттің, азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің айқын көрінісне айналды. Халқымыздың ауызбіршілігі мен өзара сенімі – еліміздің ең басты құндылығы деп бағалаған Мемлекет басшысы, жаңа Конституция жобасын қабылдауға қатысқан азаматтар Отанымыздың болашағын ойлап дауыс бергенін, Қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасағанын айтты.
Шынында да, Отан тағдырына қатысты ортақ таңдау сәтінде, байтағымыздың барлық аймағындағы азаматтар жоғары белсенділік танытып, елдің ертеңіне деген сенім мен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Халықтың шынайы қатысуы мен белсенділігі – еліміздің жаңа дәуірге, жаңару мен өркендеуге бет алғанын, ортақ мақсатқа ұмтылғанын көрсетеді.
Түркістан облысының тұрғындары да бұл тарихи үдерістің бел ортасынан табылды. Облыстың барлық аймағында тұрғындар саяси науқанға ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдауларын жасады. Әсіресе, жастар мен ардагерлердің, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі ерекше байқалды. Мемлекет болашағы, алдағы даму жолы, ұлттық өрлеудің құқықтық негізі таңдауға түскен ерік білдіру сәтінде 997 мыңнан астам жерлестеріміз дауыс беру процесстеріне қатысты. Референдумда дауыс беру құқығына ие облыс тұрғындарының 84 пайыздан астамы қатысып, науқанның жалпыхалықтық сипат алғанын айшықтады.
Сын сағатта көрсеткен ауызбіршіліктеріңіз, татулықтарыңыз және ел тағдырына деген жоғары жауапкершіліктеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Ынтымақ пен бірліктің қасиетті мекені болған Түркістан облысы жаңару мен өркендеу жолын таңдады, Отан тағдырына деген жанашырлыққа адал екенін көрсетті. Бұл – өңір тұрғындарының бірлігі мен қоғамдық келісімінің нақты көрінісі.
Алда ауқымды міндеттер тұр. Бірлігі бекем, мақсаты айқын халқымыз кез келген биікті бағындыра алады деген сенімдемін.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Әр шаңыраққа бақ-береке, амандық пен молшылық тілеймін.
Еліміздің бірлігі нығайып, тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!
Жаңа Конституциямыз құтты болсын!
Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі
