РЕФЕРЕНДУМ: МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ДАУЫС БЕРУШІЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ ТЕКСЕРІЛДІ
РЕФЕРЕНДУМ: МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ДАУЫС БЕРУШІЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ ТЕКСЕРІЛДІ
Шымкент қаласындағы Ұлағат шағын ауданында орналасқан №153 референдум учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жасалған жағдайларға мониторинг жүргізілді. Тексеріс жұмыстары қалалық аумақтық референдум комиссиясы мен Еңбекші аудандық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері тарапынан жүзеге асырылды.
Аталған №153 референдум учаскесі №150 жалпы білім беретін мектеп ғимаратында орналасқан. Учаскеде 2600-ге жуық дауыс беруші тіркелген, оның ішінде 5 азамат мүгедектігі бар сайлаушылар санатына жатады. Комиссия мүшелерінің айтуынша, учаске референдум өткізуге толық дайын. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдайлар қарастырылған.
Учаскелік комиссия төрағасы Шадия Жиенованың мәліметінше, учаскеде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған бірқатар арнайы құрал-жабдықтар орнатылған. Атап айтқанда, ғимаратқа келген азаматтардың хабар беруі үшін арнайы қоңырау батырмасы қарастырылған. Сонымен қатар санитарлық талаптарға сай пандустар орнатылып, көзі көрмейтін азаматтарға арналған тактильді бағыттаушы белгілер орналастырылған. Бұл белгілер мүгедектігі бар сайлаушыларға арналған арнайы дауыс беру кабинасына дейін бағыт көрсетеді.
Сондай-ақ учаскеде көру қабілеті нашар азаматтарға арналған тифлотехникалық құралдар — электрондық лупа, Брайль қарпімен басуға арналған принтер, бейнеұлғайтқыштар мен экрандық қолжеткізу бағдарламалары қарастырылған. Бұдан бөлек, талапқа сай бейімделген санитарлық торап та жабдықталған.
Комиссия төрағасының айтуынша, есту қабілеті шектеулі азаматтар үшін арнайы құлаққаптар мен персоналды ноутбуктер де дайындалған.
Жүргізілген тексеріс нәтижесінде комиссия мүшелері №153 референдум учаскесі дауыс беру процесін өткізуге толық дайын деген қорытындыға келді.
— Біздің басты мақсатымыз — әрбір сайлаушының дауыс беруіне кедергісіз жағдай жасау және референдумның ашық әрі тең дәрежеде өтуін қамтамасыз ету, — деді тексеріс жүргізген қалалық аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Талғат Әліқұлов.
Айта кету керек, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беру процесіне толыққанды қатысуын қамтамасыз ету — демократиялық қоғамның маңызды көрсеткіштерінің бірі.
