Абай университетінде болашақ педагогтарды жұмыс берушімен сұхбаттасуға дайындайтын жоба жүзеге асуда
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттердің еңбек нарығына бейімделуін арттыру мақсатында жүзеге асырып келе жатқан «Сұқбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасының кезекті кезеңі Алматы қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектеп базасында өтті.
Жоба аясында университеттің Физика-математика мұғалімдерін даярлау, Тарих мұғалімдерін даярлау, Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау, Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламаларының 4 курсынан 11 білім алушы нақты жұмысқа қабылдау форматына жақын кәсіби сұхбаттасудан өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бітіруші түлектердің еңбек нарығына дайындық деңгейін арттыру, жұмысқа қабылдану барысында жұмыс берушімен кәсіби сұхбаттасудан сенімді өту дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ болашақ педагогтардың коммуникациялық мәдениетін дамыту.
Бұл бастама 2019 жылдан бері тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Жобаны Абай университетінің Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментіне қарасты «Мансап» орталығы ұйымдастырады.
Жоба 2025–2026 оқу жылы барысында Алматы қаласының бірнеше ауданында кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр. Биылғы жылғы іс-шаралар Наурызбай ауданында басталып, бүгін Медеу ауданында жалғасын тапты. Алдағы уақытта жоба қаланың басқа аудандарында да ұйымдастырылады.
Іс-шара барысында студенттер Алматы қаласы №19 жалпы білім беретін мектептің директоры Айымгүл Даурбековна Имангалиеваның алдында кәсіби сұхбаттан өтті. Сұхбат барысында қатысушылар өздерінің пәндік дайындығын, педагогикалық көзқарастарын және кәсіби қабілеттерін таныстырып, жұмыс берушінің сұрақтарына жауап берді.
Сұхбаттасу аяқталғаннан кейін мектеп директоры қатысушылардың өзін таныстыру шеберлігіне, коммуникациялық мәдениетіне және кәсіби дайындығына талдау жасап, кәсіби ұсыныстарын білдірді.
Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Әбдіманапұлы Найманбаев жобаның тиімділігіне тоқталды.
«Біз бұл жобаны жыл сайын үздіксіз жүргізіп келеміз. Оның нәтижесі өте жоғары екенін жыл сайын қатысушылардан алынатын сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр. Сонымен қатар жобаның барысында жұмысқа қабылданып кеткен студенттер де бар. Мұндай жағдай өткен жылдары да болған және алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді», – деді ол.
№19 жалпы білім беретін мектептің директоры Айымгүл Даурбековна Имангалиева мектеп пен университет арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«Мектеп пен университет үнемі бірлесе жұмыс істегенде ғана сапалы маман дайындауға болады. Біз университетпен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Бұл жоба – сол бірлескен жұмыстың бір бөлігі ғана. Бітіруші түлектердің осылай кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік жасалғаны өте маңызды», – деді мектеп басшысы.
Жобаға қатысқан студенттердің бірі, Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының 4 курс білім алушысы Жібек Бауыржанқызы Қарсыбек те өз әсерімен бөлісті.
«Бұл өте пайдалы жоба болды. Көп тәжірибе жинақтадық. Мектеп директорының алдында сұхбаттан өту барысында аздап қобалжу болды. Бірақ мұндай тәжірибе болашақта жұмысқа орналасу кезінде үлкен көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деді студент.
Айта кетейік, «Сұқбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы студенттердің жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына, өзін кәсіби тұрғыда таныстыруына және еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік беретін тәжірибелік алаң болып саналады.
Жоба сәтті өтті, ал оның келесі кезеңі Алматы қаласының Түрксіб ауданында жалғасын табады.
