ШЫМКЕНТ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ
Көп жағдайда қалалық экономикада ауыл шаруашылығы қосалқы сала ретінде қарастырылады. Алайда бүгінде мегаполис үшін бұл бағыттың стратегиялық маңызы айқын сезілуде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау және тұрғындарды жергілікті өніммен қамту – агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен тікелей байланысты. Осы тұрғыда Шымкент қаласында ауыл шаруашылығын индустриялық негізде дамытуға басымдық беріліп отыр.
Қаланы сапалы әрі қолжетімді өніммен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында түркиялық Alsera KZ компаниясының қатысуымен ауқымды инвестициялық жоба қолға алынды. Жалпы құны 322 млрд теңгені құрайтын бұл бастама аясында 650 гектар аумақта еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешендерінің бірі бой көтеруде.
Бүгінде жобаның алғашқы кезеңі толық аяқталып, 42 гектар алқаптан алғашқы өнім жиналды. Бұл – аграрлық салада дәстүрлі тәсілдерден озық технологияға негізделген өндіріс форматына көшу барысының нақты дәлелі. Жылыжай кешені ішкі нарықты жыл бойы сапалы көкөніспен қамтып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Ауқымды жобаның нәтижесінде қала экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі айтарлықтай артты. Жыл қорытындысы бойынша саланың жалпы өнім көлемі 58,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш аграрлық сектордың өңір дамуындағы рөлінің күшейіп келе жатқанын аңғартады.
Сарапшылардың пікірінше, кешен толық қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі бірнеше есеге ұлғайып, азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, қала экономикасының әртараптануына тың серпін беріледі.
