ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Шардара ауданында қол күресінен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға құрмет көрсетілді.
Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев Болгарияның Албена қаласында өткен қол күресінен әлем чемпионатында топ жарған жергілікті спортшыларды қабылдап, оларға жылы лебізін білдірді.
Аудан басшысы халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған спортшылардың жеңісін жоғары бағалап:
“Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған барша спортшыларға алғыс айтамын. Сіздердің бұл жеңістеріңіз — тек ауданның ғана емес, бүкіл елдің жетістігі. Әлемді бағындыратын чемпиондарымыз көбейіп, көк туымыз әрқашан биікте желбірей берсін!” – деді.
Салтанатты жиында аудан әкімі «Шардара Армспорт» құрамасының мүшелеріне алғыс хаттар, Шардара ауданының 60 жылдығына арналған мерекелік медальдар және естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, ауданның спорт саласына сүбелі үлес қосқан ардагер спортшыларға «Құрметті ардагер» төсбелгісі тапсырылды.
Шара барысында Мелдеби шағын ауданының беделді ақсақалы, осы чемпионатта үш бірдей немересі жеңімпаз атанған Ибрагим Бектұрсынов жас спортшыларға батасын беріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
Шардаралық спортшылардың бұл жетістігі — аудан жастарына үлкен өнеге. Олар әлемдік додада ел мерейін үстем етіп, Қазақстан спортының абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.