САУРАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ІШІЛІК ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Сауран ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымдық жағдайын көтеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағында ауылішілік автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 11,15 шақырымды құрайтын жолдар жөндеуден өтуде. Жұмыс барысында асфальт жабындысы 5 сантиметр қалыңдықта төселіп, сапаға баса назар аударылуда.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы барып танысып, мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.

– Ауылішілік жолдар тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, әкім жол инфрақұрылымын жақсарту ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, көлік қатынасының қолайлылығына және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

Аталған жоба іске асқан соң, аудан тұрғындарының қозғалыс қауіпсіздігі мен жол қатынасы жақсарып, ауылдардың келбеті айтарлықтай жаңарады.

Сауран – жол инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында қарқынды қадам жасап келе жатқан аудан.