САУРАН АУДАНЫНДА 3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕЛІК ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысының Сауран ауданында өнеркәсіп саласына серпін беретін ірі жоба жүзеге аспақ. Ауданда қасбет бояулары мен гидрооқшаулағыш материалдарын өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталды.
Бұл жоба «Мақтұм Сейіт» ЖШС, Түркияның CORUNEX компаниясы және Сауран ауданы әкімдігі арасында жасалған үш жақты меморандум негізінде іске асырылмақ. Өндіріс орны Үшқайық ауылдық округіндегі арнайы өндірістік аймақтың 3 гектар аумағында бой көтереді.
Жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс толық аяқталған соң, зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 8-10 тонна өнім шығаруға жетеді. Бұл – ішкі нарықтағы импортты алмастыруға және көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік беретін стратегиялық бастама.
Жаңа жобаның таныстырылымына Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов қатысып, оның өңір дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бұл – өңіріміздегі индустриялық-инновациялық дамуға үлес қосатын ірі бастама. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Түркістан облысы инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап келеді, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жоба аудан экономикасын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті:
– Біз инвесторларға толық қолдау көрсетеміз. Бұл зауыт іске қосылған соң, жергілікті жастар жұмыспен қамтылып, ауданымыздың өнеркәсіптік әлеуеті күшейеді, – деді аудан басшысы.
Ал «Мақтұм Сейіт» ЖШС мен CORUNEX компаниясының өкілдері өндіріс халықаралық сапа стандарттарына сай жүргізілетінін айтты.
Жаңа зауыт іске қосылған соң, Сауран ауданының өнеркәсіптік картасында тағы бір маңызды нысан пайда болады. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің экономикалық тұрақтылығын арттырып, Түркістан облысының индустриялық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
Сауран – инвестиция мен өндірісті үйлестіре отырып, өңірлік дамудың жаңа үлгісін қалыптастырып келе жатқан аудан.