САУРАН АУДАНЫНДА «ДӘМОРДА» ӨНДІРІСТІК КЛАСТЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Түркістан облысы кәсіпкерлік пен өндіріс саласындағы жаңа серпінді жобамен толықпақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін «ДәмОрда» өндірістік кластері Иассы ауылдық округінде іске қосылады.
Жоба аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен қолға алынып, өңірдің тағам өнеркәсібін дамытудағы маңызды бағыттың бастауы болмақ. Кластер аясында бірнеше ірі кондитерлік және тағам өндірісімен айналысатын кәсіпорындар бір орталыққа біріктіріледі.
Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асыру мақсатында инвесторлар мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген жиын өтіп, үш жақты меморандумға қол қойылды. Өндірістік аймаққа арнайы жер телімі бөлінді. Іс-шараға Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов қатысып, кластердің өңір экономикасына қосар үлесін ерекше атап өтті.
– «ДәмОрда» – Сауранның ғана емес, бүкіл Түркістан облысының тағам өндірісіндегі жаңа брендіне айналады. Бұл – кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы нақты қадам», – деді Н.Мырзахметов.
Аудан әкімі де өз сөзінде:
– Жоба толық іске қосылған соң, Иассы ауылдық округі өңірлік тағам өнеркәсібінің маңызды орталығына айналады. «ДәмОрда» бренді сапалы ұлттық өнімнің жаңа символы болмақ, – деп атап өтті.
Кластер құрамына кіретін кәсіпорындар мен жобалар:
-
ЖК «Алымжан» (Мухиддиов Алымжан) – кәмпит, қант, тәтті тоқаштар өндірісі. 35 жұмыс орны, жоба құны – 250 млн теңге.
-
ЖК «Шүкіржан» (Тажиметов Шүкіржан Бахтиярұлы) – кондитерлік өнімдер. 20 жұмыс орны, 170 млн теңге.
-
«Айжамал Тәттілері» ЖШС (Бауыржан Жанбуршин) – кондитерлік өнімдер. 60 жұмыс орны, 450 млн теңге.
-
«Грин Сервис» ЖШС (Тәуекелов Еркебұлан) – кондитерлік өнімдер. 20 жұмыс орны, 450 млн теңге.
-
«Әл Береке» АШӨК (Рускулов Аброр Абдураймович) – нан өнімдері. 30 жұмыс орны, 300 млн теңге.
-
ЖК «Сұлтанбай» (Боханов Сұлтанбай Серикбаевич) – кептірілген ет өнімдері. 30 жұмыс орны, 300 млн теңге.
-
ЖК «Бек» (Бекдилдаев Акжан) – консервіленген көкөніс өнімдері. 100 жұмыс орны, 400 млн теңге.
Барлығы жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты табыс көзіне ие болады. Сонымен қатар, аудан бюджетіне түсетін салық көлемі де артады.
«ДәмОрда» – бұл бір ғана цех емес, бірнеше өндірістік қуатты кәсіпорынды біріктіретін заманауи өндіріс алаңы. Мұндай модель өнім сапасын арттырып қана қоймай, Сауран ауданын өңірдегі тағам өндірісінің маңызды орталығына айналдырмақ.
Жоба іске қосылғаннан кейін ішкі нарық отандық өніммен қамтылып, Түркістан облысының брендтік тағамдары жаңа деңгейге көтеріледі.
«ДәмОрда» – Сауранның жаңа экономикалық тынысы, сапалы ұлттық өнімнің символы болмақ.