Шардара – өзінің су қоймасы және ауыл шаруашылығындағы табыстарымен танымал

Түркістан облысы Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған пресс-тур барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның даму барысымен танысты. Қатысушылар өңірдегі бірқатар әлеуметтік, өндірістік және мәдени нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты назарда

Ауданда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топ өкілдері, жас мамандар мен жетім балаларды баспанамен қамту – аудан басшылығының басты бағыттарының бірі. Қазіргі таңда бірнеше қабатты жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, тағы бір тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Агросектордағы табысты тәжірибе

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығы заманауи технологияны тиімді пайдалану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қожалықта пияздың ерте және кеш пісетін түрлері, сондай-ақ бақша дақылдары өсіріледі. Су үнемдеудің тиімді әдісі – тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Мұнда жергілікті тұрғындар тұрақты және маусымдық жұмыстармен қамтылған. Бұл – ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртудың нақты мысалы.

Балық шаруашылығы – экспортқа бағытталған өндіріс

Пресс-тур аясында «Vita» балық шаруашылығының жұмысы таныстырылды. Сазан, ақ амур, дөңмаңдай сынды балық түрлері қолдан өсіріліп, ішкі нарықпен қатар шетелге, соның ішінде Израильге экспортталуда. Шаруашылықта 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауылдық жерлерде заманауи өндірісті дамытуға болатындығының айқын дәлелі.

Қоғамдық кеңістік – халық игілігіне

Аудан орталығындағы қаңырап бос жатқан аумақ қайта жаңғыртылып, бүгінде заманауи саябаққа айналды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба аясында аумақ толық абаттандырылып, ағаштар отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолы, жарық шамдары, балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды. Саябақтың орталық алаңында орнатылған Үш бидің еңселі мүсіні халықтың баба дәстүріне деген құрметін айшықтайды.

Шоу-матч – достықтың көрінісі

Пресс-тур аясында БАҚ өкілдері, жайдарманшылар мен медиа саласының мамандары арасында достық кездесуі өтті. Спорт пен өнерді ұштастырған бұл бастама ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік шараның маңызын арттыра түсті.

Ауданның дамуы – нақты іспен дәлелденуде

Шардара ауданының 60 жылдығы аясындағы бұл пресс-тур өңірдің тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауданның әлеуеті жоғары, әрі даму қарқыны оң бағалануда.

Мерейлі мереке аясында Шардара ауданының тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған бұл шара өңірдің жаңаша келбетінің айғағына айналды.