Сауран ауданында өндіріс орындарын ашу жұмыстары жеделдетілуде

Түркістан облысы әкімдігі мен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің басшылығымен жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аймақ басшысы өткен инвестициялық штаб отырысында Түркістан өңірінің экономикасын жаңа деңгейге көтеру, дотациядан шығару мақсатында әрбір жобаның сәтті жүзеге асуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.

Сауран ауданында да индустриялық даму қарқыны байқалады. Ауданның Шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан «TALIFA» ЖШС кептірілген жемістерді өндіру жобасын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда өндірістік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр, әрі 30 тоннаға жуық кептірілген жүзім шикізаты Түркістан қаласынан жеткізілген. Кәсіпорын алдағы бір айдың ішінде жұмысын бастауға дайындалып жатыр. Бұл жоба ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуға, экспорттық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бағытында да шаралар атқарылуда. Мысалы, Түркістан қаласындағы «Turkistan» индустриалды аймағында «Мұнай Инвестмент Групп» ЖШС битум өндіретін зауыт пен қойманы салуда. Бұл жоба үшін 5 шақырым теміржол желісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, ол өңірлік логистиканы жақсартуға септігін тигізеді.

Жалпы Түркістан облысында 2025-2028 жылдарға арналған 110 инвестициялық жобаның пулын қалыптастыру жүзеге асырылуда. Биыл 322 млрд теңгеге 57 жоба іске қосылып, 6908 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланып отыр. Бұл жобалардың бірі Сауран ауданындағы өндірістік және агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тікелей ықпал етеді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың басшылығымен кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында өндірістік аймақтарда инфрақұрылым жетілдіріліп, жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсетілуде. Мұның нәтижесінде, өндірістік кәсіпорындар саны өсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жаңа жобалар жүзеге асып жатыр.

Осылайша, Сауран ауданы өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша айрықша рөл атқарып отыр. Инвестициялық жобалар мен өндіріс орындарының ашылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.