«ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ КЛУБЫНДАҒЫ КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ АЛДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ОЙЫНДАР

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубында кадрлық өзгеріс болды. Белгілі жергілікті футболшы Таңат Нөсербаев клубтың спорт директоры қызметіне тағайындалды. Бұған дейін бұл лауазымды атқарған Қайрат Әшірбеков клуб құрылымында жұмысын жалғастырады.

Таңат Нөсербаев кәсіби футболдағы мансабында бірнеше қазақстандық клубтың намысын қорғаған. 2014 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны атанған тәжірибелі ойыншы былтыр футболдағы мансабын аяқтап, спорт менеджменті саласында еңбек етіп келеді.

Қазіргі таңда «Ордабасы» командасы Грузияда оқу-жаттығу жиынында жүр. 10 шілде күні шымкенттік клуб UEFA Конференция Лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында жергілікті «Торпедо Кутаиси» командасымен кездеседі. Жауапты матч 17 шілдеде Шымкентте өтеді.

Сонымен қатар, осы аптада, 13 шілде күні «Ордабасы» Қазақстан Премьер-Лигасы аясында өз алаңында «Астана» командасын қабылдайды. Бұл апта шымкенттік клуб үшін ерекше маңызды болғалы тұр – Еуропа бәсекесі мен ішкі чемпионаттағы шешуші ойындар қатар өтеді.