Отандық кәсіпкерлікті дамыту және қолдау

Сауран ауданы Түркістан облысындағы шағын және орта кәсіпкерлікке (ШОК) ерекше қолдау көрсетіп келе жатқан өңірлердің бірі. Бұл бағыттағы саясаттың негізінде экономиканы әртараптандыру, жұмыссыздықты төмендету және отандық өнім үлесін арттыру секілді маңызды мақсаттар тұр.

Кәсіпкерлікке арналған индустриялық инфрақұрылым. 2024–2026 жылдар аралығында аудан бойынша бес бірдей өндірістік аймақ (индустриялық алаң) құрылуда. Олар: Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ, Үшқайық.

Жалпы 55 гектардан астам жер телімі бөлініп, 115 жоба орналастыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 60 кәсіпкермен меморандум түзілген. Соның ішінде 30-дан астамы құрылыс жұмыстарына кірісіп, өз кәсіптерін бастауға дайындық жүргізіп жатыр.

Бұл өндірістік аймақтарда жиһаз, құрылыс материалдары, тігін және қағаз өнімдері, спорттық құрал-жабдықтар, пластик және резеңке бұйымдар, жол белгілері, жартылай дайын тағам өндірісі сияқты салалар қамтылады. Бұл – тек аудан ғана емес, облыс үшін де маңызды өндіріс көзіне айналмақ.

Инвестициялық климат және жаңа кәсіпорындар. Аталған өндірістік аймақтарда іске асатын жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 10 млрд теңгеден асып отыр. Иассы индустриялық аймағында 9 гектар аумаққа орналасатын 24 жоба аясында 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қарашықта – 4,5 млрд теңгеге 20 жоба, Жүйнекте – құрылыс қоспаларын шығаратын ірі зауыт бой көтеруде. Бұл зауыт іске қосылғанда жылына 300 тонна құрылыс қоспасын өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Жеке инвестиция тартудың арқасында 2025 жылдың соңына дейін аудан аумағында 30 өндірістік нысан ашылып, 1500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл кәсіпорындар құрылыс материалдары, тұрмыстық химия, тамақ өнімдері мен медициналық жиһаздар өндірумен айналысады.

Кәсіпкерге арналған нақты қолдау құралдары. Сауран ауданында отандық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған келесі шаралар қолға алынған:

  • Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – индустриялық аймақтар газ, су, жарық және жолмен қамтылып отыр.

  • Әкімшілік кедергілерді азайту – кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету.

  • Қаржылай қолдау – «Ауыл аманаты», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие мен субсидия алу мүмкіндіктері.

  • Меморандум негізіндегі қолдау – жекеменшік инвесторлар мен мемлекет арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатылуда.

Ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Бұған кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан нақты қолдаулар мен индустриялық инфрақұрылымның кеңейтілуі тікелей әсер етуде. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының ашылуы ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Сауран ауданында кәсіпкерлікті дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тетіктерінің бірі. Өндірістік аймақтар мен мемлекеттік қолдау құралдары арқылы аудан кәсіпкерлері тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де кеңейтіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары одан әрі қарқын алып, Сауранды өңірлік өндірістік хабтардың біріне айналдырады.