Сауранда апталық мәжіліс өтті: үш негізгі салада мәселелер мен міндеттер талқыланды

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кезекті апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына тікелей әсер ететін үш өзекті бағыт қаралды. Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты.

Бірінші мәселе – көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы. Бұл бағытта Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Дилмұрад Нұржанов баяндама жасап, көктемгі шақыру науқанының нәтижелері мен жоспардың орындалуы туралы мәлімет берді. Ол әскерге шақыру жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілгенін, алайда бірқатар ұйымдастыру мәселелерін ескеру қажеттігін атап өтті.

Келесі мәселе – әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол жүйедегі «Д» және «Е» санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік көмектер мен жобалардың тиімділігіне ерекше назар аудару қажеттігін тілге тиек етті.

Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығы саласының дамуы. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөре Қуандықұлы облыс әкімі бекіткен үшжақты келісім шеңберінде алты айлық жоспардың орындалу барысына тоқталды. Ол агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі міндеттемелердің орындалу деңгейін баяндап, бірқатар бағыттар бойынша орын алған кідірістердің себептерін түсіндіріп, оларды жою жолдарын ұсынды.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін әр бөлім өз жұмысын жүйелі түрде, нақты көрсеткіштерге негіздей отырып жүргізуі қажет. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарға көрсетілетін көмектер, ауыл шаруашылығы саласындағы келісімдер бойынша міндеттемелердің уақтылы орындалуы және әскерге шақыру жұмыстары – аудан әкімдігінің басты назарында. Ешбір бағыт бақылаусыз қалмауы тиіс. Әр тапсырма – нақты нәтиже беруі керек», – деп атап өтті аудан әкімі.