ИАССЫДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған кестеге сәйкес Иассы ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым мәселелері және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында округ әкімі Сыздық Пирметов 2025 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, нақты көрсеткіштерді ұсынды. Оның айтуынша, ауылдық округтің жылдық бюджеті толық игеріліп, салықтық түсімдер көлемі 25,3 млн теңгеге жеткен. Есептік кезеңде 138 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 106 тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ауыл шаруашылығы бағытында 1 329 гектар егістік жер толық игеріліп, 13 мың тоннадан астам мал азығы дайындалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперациясы мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобалар аясында 149,7 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл қаражат есебінен жылыжайлар, мал бордақылау алаңдары мен өндірістік нысандардың құрылысы бастау алды. Ауыз су жүйесін жетілдіру, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда:
-
Ауыз судың сапасы мен қысымының төмендігі
-
Тұрғын үй салуға жер телімдерінің жетіспеушілігі
-
Жол бойына бейнебақылау камераларын орнату
-
Мобильді байланыс антеннасын орнату қажеттілігі
-
Электр қуатының әлсіздігі және қосымша трансформатор қажеттілігі
-
Ішкі жолдардың сапасыздығы
Бұл ұсыныстарды мұқият тыңдаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров:
«Әрбір көтерілген мәселе – ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін өзекті сұрақтар. Біз бұл ұсыныстарды назарға алып, оларды шешудің нақты жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар арқылы ауылдың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», – деді.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.