САУРАН: ҚАРАШЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ 5 АЙЛЫҚ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелері және алдағы жоспарлары жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері, сондай-ақ дербес бөлім басшылары қатысты.
Жиында Қарашық ауылдық округі әкімінің орынбасары Сержан Жасибаев 2025 жылдың алғашқы бес айындағы атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі есеп берді. Ол өткен кезеңде округтің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң серпін байқалғанын атап өтті. Оның мәліметінше, барлық салықтық түсімдер 75,4 миллион теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласында 3 200 гектарға ауыл шаруашылық дақылдары егілді, ал инвестициялар көлемі 400 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, шаруаларға жалпы салмағы 150 тонна болатын арзандатылған дизель отыны үлестірілді. Мал шаруашылығы саласында ірі қара саны 5 295 басқа жетті, бұл ауылдың мал басын ұлғайтудағы табысты көрсеткіш болып отыр.
Әлеуметтік қолдау бағытында, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылған 23 отбасыға қажетті көмектер көрсетілді. Инфрақұрылымдық жобалар аясында Қарашық елді мекенінде құны 2,86 миллиард теңгені құрайтын өндірістік алаң құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 175 орындық заманауи балабақша салынып, ауылішілік бірнеше көшелерге тас төсеу жұмыстары атқарылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныстары мен пікірлерін ашық білдіріп, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, көшелерді жарықтандыруды жетілдіру, ауыз су жүйесін жаңарту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, жастарды қолдау шараларын арттыру, мал жайылымдарын кеңейту және жол сапасын жақсарту сияқты маңызды мәселелерді көтерді.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындардың көтерген сұрақтарына нақты әрі толық жауап беріп, барлық мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуіне басымдық берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ауылдың әлеуеті жоғары екенін айтып, мемлекеттік қолдаулар мен жеке инвестициялар арқылы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.