Сауранда балаларға арналған заманауи саябақ ашылды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сауран аудан орталығында жаңа балалар саябағының ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімдігінің бастамасымен және қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба қазіргі заманға сай заманауи инфрақұрылыммен толық қамтылған және тұрғындар үшін пайдалануға берілді. Жобаны тапсырыс беруші ретінде Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» атқарды.
Ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, ауданның зиялы қауым өкілдері, білім саласының мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты. Жиында балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, жаңа саябақ балалардың спорттық және шығармашылық дамуына ықпал ететін орталық ретінде қызмет ететіні туралы пікірлер айтылды.
Жалпы аумағы 2,14 гектарды құрайтын саябақта балалардың ойынына арналған заманауи ойын құрылғылары орнатылып, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Ойын алаңдары арнайы жұмсақ жабынмен қапталып, балаларға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта жасалған. Сондай-ақ, саябақта спорттық тренажерлар, балаларға арналған шағын сценалар мен шығармашылық аймақтар да қарастырылған.
Саябақтың көгалдандырылған бөлігі 2113 шаршы метрді алып, жасыл белдеу ретінде қалыптастырылған. Демалушылар үшін көлеңкелі аймақтар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көптеген орындықтар орналастырылған. Табиғатты байыту мақсатында саябақта 12 түрлі ағаш түрлері отырғызылды: 88 шырша, 25 писсарди, 20 шынар, 30 раушан гүлі және 40 магония көшеті. Сонымен қатар, аумақта қоршаған ортаны қорғау және экологиялық тәрбие беруге бағытталған арнайы ақпараттық тақталар орнатылды.
Жаңа саябақта ұйымдастырылатын мәдени-ағарту іс-шаралары мен спорттық жарыстар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып, оларды пайдалы іс-шараларға тартуға мүмкіндік береді. Бұл балалар мен олардың ата-аналары үшін қауіпсіз әрі қолжетімді орта болып табылады.
Бұл жаңа нысан балалардың денсаулығын нығайтып, бос уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік беретін, табиғатпен үйлесімді, жайлы әрі қауіпсіз ортаға айналды. Аудан тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш пен мереке болса, жас ұрпақ үшін нағыз сый болды. Аудан әкімдігі болашақта да осындай әлеуметтік маңызы зор жобаларды іске асыруға ниетті.
