САПАЛЫ ӨНДІРІС ТУРАЛЫ ТҮРКИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ПІКІРІ: СЕРІКТЕСТІК ҚҰРУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Сауран ауданына жұмыс сапарымен келген Түркия Республикасының делегациясы өңірдің өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында «EDEM MEBEL» және «ТАК мебель» жиһаз зауыттарына арнайы іссапар ұйымдастырды. Бұл кәсіпорындар аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, аймақтық өндірістің дамуы мен жаңғыртуына тың серпін беруде.

Кәсіпорын жетекшісі Икбол Абишев меймандарға кәсіпорынның өндіріс технологиялары, өндірістік қуаттары мен нарықтағы жетістіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Фабрика жыл сайын 10 мыңға жуық әртүрлі корпус жиһаз өнімдерін шығарып, Түркістан, Шымкент және Қызылорда облыстарының тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Жиһаздар сапасы мен дизайны халықаралық стандарттарға сай, тұтынушылардың талғамын ескере отырып әзірленеді.

Сонымен қатар, «ТАК мебель» кәсіпорнында да жыл сайын 12 мың дана өнім өндіріліп, аймақтық нарыққа сапалы әрі бәсекеге қабілетті жиһаз ұсынылуда. Кәсіпорын өндірісінде қолданылып отырған заманауи технологиялар мен инновациялық әдістер өнім сапасын жоғарылатуға мүмкіндік беруде.

Түркиялық делегацияның өкілдері осындай ірі өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, олардың өңірлік индустрияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ, олар Сауран ауданында шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдаудың жүйелі түрде жүзеге асырылуын, кәсіпкерлікке арналған жағдайлардың жасалып отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ықпал етуде.

Кездесу қорытындысында екі жақты ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктері талқыланып, болашақта өндірісті кеңейту мен жаңарту бағытында серіктестік орнату мәселелері қаралды.