Сауран ауданының әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, өзекті мәселелерге назар аударды
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғаммен ашық диалог орнатуға арналған бұл шара — тұрғындардың көкейінде жүрген маңызды мәселелерді тікелей билік өкіліне жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді алаң ретінде ұйымдастырылды.
Қабылдау барысында азаматтар әлеуметтік, инфрақұрылымдық, жер қатынастары, жұмысқа орналасу және несие беру салаларына қатысты түрлі өтініш-тілектерін ортаға салды. Әрбір мәселе жеке қаралып, заң аясында түсіндірілді және тиісті жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Көтерілген мәселелер мен қабылданған шаралар:
-
Шорнақ ауылының тұрғыны тұрақты жұмыс табу мәселесін көтерді. Мамандығы болмағандықтан, азаматшаға қоғамдық жұмысқа орналасу ұсынылды. Өз ниетін білдіргеннен кейін жақын күндері жұмысқа орналастыру шаралары басталатын болды.
-
Ынтымақ ауылының тұрғыны жер теліміне қатысты мәселесін жеткізді. Бұл өтініш Сауран аудандық жер қатынастары бөліміне жолданып, тиісті құқықтық және әкімшілік қарау жұмыстары жүргізілетін болды.
-
Бабайқорған ауылынан келген азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу тәртібіне қатысты сұрақ қойды. Аталған мәселе бойынша зерделеу жұмыстары басталып, мамандарға тапсырма берілді.
-
Шыпан ауылының тұрғыны бұрын Яссы қаржы ұйымы арқылы несие рәсімдеп, кепілге қойған тұрғын үй құжаттарын әлі қайтарып ала алмай отырғанын айтты. Бұл өтінішке байланысты жауапты бөлімге нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берілді.
Әкімнің ашық диалогқа мән беруі – тұрғын сенімінің кепілі.
Аудан әкімі қабылдау барысында әрбір азаматтың мәселесіне жіті назар аударып, заң аясында жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тауып, тұрғындар тиісті ақпаратқа бірден қол жеткізді. Қабылдаудың басты ерекшелігі — әкім мен тұрғындар арасындағы тікелей және ашық диалог болды.
«Әрбір тұрғынның мәселесі – біз үшін маңызды. Ашық әрі әділ қабылдау жүргізу арқылы ғана халықтың сеніміне ие бола аламыз. Тұрғындармен кері байланыс орнату – жұмысымыздың негізгі бағыты», – деді аудан басшысы Мақсат Таңғатаров.
Жеке қабылдаулар – жүйелі диалог алаңы. Осындай жеке қабылдаулар тұрғындардың билікке деген сенімін арттыруға, мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге, сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.