Сауран ауданында шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық аясында маңызды кездесу өтті

Бүгін Сауран ауданы әкімдігінде ауданның экономикалық әлеуетін арттыру және шетелдік инвестиция тарту мақсатында маңызды кездесу өтті. Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да тиісті сала басшылары қатысты. Бұл шараның басты мақсаты – шетелдік компаниялармен байланыс орнатып, инвестициялық жобаларды нақты талқылау және ауданда жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға жол ашу.

Кездесу барысында Қытай Халық Республикасының Ухань қаласынан келген «Wuhan Commercial Biotech Co., Ltd.» ғылыми-техникалық компаниясының өкілдері өздерінің жобаларын таныстырды. Компания 2010 жылы құрылған және қазіргі таңда бір реттік медициналық бұйымдарды — атап айтқанда, биологиялық және полимерлік материалдардан жасалған қолғаптар мен басқа да медициналық құралдарды өндірумен айналысады. Бұл кәсіпорын медициналық өнімдер өндірісі бойынша 61 мемлекеттік патентке ие, әрі жоғары технологияларды қолдануымен ерекшеленетін Қытайдағы жетекші өндіріс орындарының бірі саналады.

Жоба таныстырылымы аясында инвесторлар Сауран ауданындағы Иассы өндірістік аймағына барып, ұсынылып отырған жер телімімен танысты. Компания өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта дәл осы жерде бір реттік медициналық қолғаптар өндіретін заманауи зауыт салу жоспарлануда. Бұл жоба іске асса, өңірге жоғары технологиялы өндіріс тартылады және медициналық қауіпсіздік саласындағы отандық әлеует артады.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев өз сөзінде жобаның өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталып, әкімдік тарапынан барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және рұқсат беру процестерін жеделдетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол шетелдік кәсіпкерлерге қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру – әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Бұл жоба іске қосылған жағдайда, Сауран ауданында жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті тұрғындар үшін табыс көзі артады және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Біз бұл бағытта толық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Серік Садибаев.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді әріптестік орнатуға ниетті екендерін білдіріп, алдағы қадамдарды нақтылау бойынша жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты. Бұл кездесудің нәтижесі Сауран ауданы үшін ғана емес, бүкіл Түркістан өңірі үшін де инвестициялық тартымдылықты арттыруда маңызды қадам болмақ.