АРДАГЕРЛЕР МЕН ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР
Шымкент қаласында әлеуметтік қолдаудың бір бағыты – ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет көрсету мен тұрақты көмек көрсету болып табылады. Бүгінде қалада 97 243 зейнеткер бар. Олардың арасында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1 575 тыл еңбеккері және 2 145 соғыс ардагерлеріне теңестірілген азамат тіркелген. Сонымен қатар, көп балалы аналардың саны 69 239-ға жетіп отыр, оның ішінде 14 115 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған болса, 55 124 ана 4-5 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы аналар санатына кіреді. 2025 жылы қаладағы 5 500 зейнеткерге санаторлық-курорттық ем қабылдауға мүмкіндік жасау үшін 865 миллион теңге бөлінді. Осы бағыттағы қызметті «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені жүзеге асырады. Бұрын бұл кешен 70 орындық ғимаратта жылына 2 мың зейнеткерге ғана қызмет көрсетіп келген болса, енді 120 орындық жаңа төрт қабатты ғимаратқа көшіп, жылына 3 500-ге дейін қарияны қабылдай алады. Сонымен қатар, зейнеткерлерге арналған санаторлық-курорттық ем алу жолдамаларын беру процесі толықтай автоматтандырылып, қариялар geo-shym.kz порталы арқылы өтініш беріп, кезек тәртібін онлайн бақылауға мүмкіндік алды. Ардагерлерге рухани қолдау ретінде оларды баспасөз басылымдарына жаздыру да жолға қойылған: 2025 жылы 2 185 ардагерге газет-журналдарға жазылу үшін 25,8 миллион теңге бөлінді. Бұған қоса, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында 1 994 ардагерге бірреттік әлеуметтік көмек беру қарастырылды. Бұл көмек Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 7 мамырда ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 166 ардагерге 45 АЕК көлемінде, яғни 176 940 теңге төленсе, 9 мамырда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 1 272 АЕК немесе 5 001 504 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ, тыл ардагерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен отбасы мүшелеріне 15 АЕК мөлшерінде – 58 980 теңге көлемінде төлем тағайындалды. Жалпы, 7–9 мамыр мерекелері аясында 1 994 ардагерге 147,1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл – Шымкенттің аға буын мен аналарды құрметтеп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тұрақты әрі жүйелі саясатының жарқын көрінісі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/i0zB0Wg4ww4?si=1miNU-mmouGMcylB
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ