Ақтөбе облысында 92 миллиард теңгеге жел электр станциясы салынбақ
Ақтөбе облысында Хромтау қаласында қуаттылығы 150 МВт жел электр станциясы іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан даму банкінің (ҚДБ) баспасөз қызметі жаңа жел электр станциясында өндірілген электр энергиясы ERG кәсіпорнындағы ферроқорытпа өндірісінде пайдаланылатынын хабарлайды. Айтуынша, бұл ферроқорытпа өндірісін экологиялық таза етеді.
ҚДБ жобаның облыс экономикасына оң әсерін тигізетініне сенімді, себебі ол құрылыс кезеңінде 300 жұмыс орнын, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін 25 тұрақты жұмыс орнын көздейді.
Жобаның жалпы құны – 178 миллион доллар (92 миллиард теңге). Станцияның құрылысына ақшаны «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ERG тобына кіретін) және Қазақстан даму банкі бөледі екен.
«Жобаны іске асыру шеңберінде банк құрылыс-монтажды қаржыландыру, жабдықты сатып алу, іске қосу (келісімшарт, техникалық қадағалау, сараптама және т.б.) жүзеге асырады. Жасыл электр энергиясының бірінші ағыны желіге 2024 жылдың желтоқсан айының соңында екі жел турбинасынан жіберіледі. Станцияны 2025 жылдың соңына дейін толық іске қосу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.