Өз жұмысын жасап, елге пайдасын тигізеді
Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүгедек адамдардың ұқын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан шараларды ұсынамыз. Біздің елде 700 мыңнан астам мүгедек адам бар. Олардың құқын қорғау бағытында үкімет тарапынан түрлі заңнамалар қабылданған. Алайда, атқарылып жатқан іс-шараларға барлық адамның көңілі тола бермейді. Бұл коронавирус індетінің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде де айқын аңғарылды. Мүгедектігі бар көптеген адамдардың цифрландырудан сауаттылығы әлі де нашар. Электронды үкіметті жасамас бұрын жаңашылдыққа ең алдымен адамдарды үйрету ке- рек еді. Сондықтан, халықтың оған көңілі толып отырған жоқ. Әрине мүгедектердің барлық салада түрлі қоғамдық ұйымдары бар. Алайда инфрақұрылымдық қолжетімділік барлық жерде бірдей емес. Енді шалғай аудандарға да көбірек көңіл аудару қажет. Ең алдымен мүміндігі шектеулі жандарға деген қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Бізді көп жағдайда бейшара деп мүсіркейді. Егер қолайлы жағдай жасалса мүгедектер де өз жұмысын жасап, елге пайдасын тигізер еді. Ешкімге алақан жаймауы үшін кемтарларды жұмыспен қамту мәселесі де өзекті болып отыр.
Республикадағы ең талантты балаларға инклюзивті лагерь ұйымдастырып, үйде отырып-ақ ақша табуға болатынын үйретіп, кәсіп меңгерсе ешкімге тәуелді болмайтынын ұғындырамыз. Ең үздік жобаларын жүзеге асыруы үшін жүлде немесе шағын грант береміз. Әрине оның көлемі шағын болғандықтан стартап бола қоймайды. Сондықтан, фрилансерлікке үйретіп, сайт, СММ, ролик жасауды меңгертуге тырысамыз. Ал, қазіргі таңда біз аса мұқтаж 65 адамға азық-түлік себетін тараттық. Енді 1-2 күнде тағы 120 адамға бергелі отырмыз. Олардың арасында мүгедектер ғана емес, көп балалы аналар мен мүгедек балаларды асырап жатқан ата-аналар да бар. Оның бәрін демеушілер мен донорлар көмегі арқылы жүзеге асырып отырмыз. Адам болған соң бір-бірімізге көңіл бөліп, қолдауымыз керек. Бірақ, масылдыққа да үйретпеген жөн. Ең алдымен кәсіпке баулып, аяғынан тік тұрып кетуіне жағдай жасаған дұрыс деп ойлаймын. Көмек жасай берсең, елдің бәрі оңай дүниені қиындықсыз ала берсем дейді. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарды азын-аулақ ақшамен алдарқатқаннан, өз бетінше табыс табуына жағдай жасау маңызды болып отыр.