Рухани құндылықтардың адам өміріндегі маңызы
Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде әртүрлі болып келген. Сондықтан «дін» дегеннің не екенін танып, білу әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік. Егеменді Қазақстан мемлекеті азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Елімізде жүзден астам этностар бар. Сол себепті ұлттық діндердің рухани құндылықтарының мәні мен табиғатын анықтау қазіргі кездің өмір талабы деп ойлаймын. Жер бетіндегі діни көзқарас, дүниетаным ежелгі заманнан бері келе жатқаны белгілі.
Адамзат тарихында құндылықтардың қалыптасуы мәселесі ерте заманна-ақ ойшылдардың, ғұламалардың назарында болып келді. Әсіресе, рухани құндылықтардың жүйесін қалыптастыру, оның қалыптасу түпкі негіздерімен себептерін, қозғаушы күштері мен құрылымын анықтау, өтпелі кезеңдегі оның әр түрлі көріністерін айшықтау өзектілігі зор мәселе болып отыр. Ұлттық діндер мәдениетіндегі руханилық феномен жөнінде тарихи процесте әр түрлі ғұламалар қандай пікірлер білдірді? Қоғамдағы көптеген қайшылықтардың қайнар көздерін олар немен, қандай үрдістермен байланыстырды? Тақырыпты қозғау барысында осы секілді түрлі сауалдар туындауы мүмкін.
Құндылықтық тұрғыдан алғанда әлемдік діндердің сенімі мен қағидаттарында адамгершілікке негізделген ізгілік, мейірімділік, адалдық, төзімділік секілді игі қасиеттер насихатталады. Мұндай моральдық ұстанымдар мен рухани негіздегі тәрбие адамның және қоғамның ұмтылыстары мен мақсат-мұратын дұрыс арнаға бағыттауға әсер етеді.
Жалпы, діни құндылықтарға адамгершілік, жанашырлық, әділдік, жақынды сүю және қоршаған ортаны құрметтеу сияқты қағидалар жатады. Көптеген діндер басқа адамдармен үйлесімді өмір сүру үшін этикалық стандарттар мен белгіленген мінез-құлық ережелерін сақтаудың маңыздылығын мойындайды. Соның ішінде негізгі құндылықтардың бірі әділдік болып табылады. Ол әрбір адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу, қиын жағдайға тап болғандарға жанашырлық таныту, қоғамдағы теңсіздіктер мен әділетсіздіктерді жоюға ұмтылу деген сөз.
Сонымен қатар, діндер өз ізбасарларын басқа адамдарға, әсіресе көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық пен жанашырлық көрсетуге үйретеді. Олар үйлесімділік пен бақытқа жету құралы ретінде өзін-өзі жетілдірудің және рухани өсуге ұмтылудың маңыздылығын атап көрсетеді. Жалпы, діндердің ортақ құндылықтары барлық адамдардың бақыты мен әл-ауқатына ықпал ететін моральдық-этикалық принциптерге негізделген жақсы және әділ әлеуметтік өмірді құруды мақсат етеді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай өз өлеңдерінің бірінде:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті» – деген болатын. Расында, қайсыбір дінді алсаң да адамды сүйіспеншілікке, бір-бірін құрметтеуге, әділ болуға және Жаратушыға құлшылық жасауға шақырады. Әділдік – тек діндердің ғана ортақ қозғайтын күші емес. Әділдік – барша адамзаттың ту етіп ұстанған ортақ дүниесі. Діндер Жаратушыны тану тұрғысынан бір-біріне қайшы келуі мүмкін. Алайда, моральдық тұрғыда өзара түсінесе алады. Өйткені барлығында Жаратушыны бар екендігін тану сенімі жатыр. Өткен ғасырда Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған 30-40 жылдары қазақ жеріне көптеген ұлттар күштеп жер аударылды. Олар өздерінің мәдениетімен қоса діни сенімдерін ала келді. Сол замандағы ата-әжелеріміз тағдыр тәлкегімен елге келгендердің ұлты мен діні бөлек болса да қол ұшын берді. Өйткені, оларға адамзат баласы деп қарады. Өздері құрқылтайдың ұясындай үйде отырса да, оның бір бөлігінен орын берді. Отбасы мүшелері тойып тамақ жейтіндей деңгейде болмаса да, астарымен бөлісті. Бұл аталарымыздың жүрегінде ізгілік пен мейірімділіктің мол екендігін көрсетеді.
Елімізде әлем діндерінің көшбасшылары үш жыл сайын бас қосып келеді. Олардың діни сеніміне қарамастан бірге отыруы – гуманизм құндылығы болып табылады. Жоғарыдағы айтылған құндылықтар кез келген адам баласының бойынан көрініс тапса, адамның түр-түсіне, ұлтына, сеніміне қарамастан ортақ тіл табыса алатынын айғақтайды.
Алайда, бұл құндылықтар кез келген діни ағымдарда кездеспейді. Соның салдарынан ел ішінде лаң шығарып, қалыптасқан құндылықтарды терістеп, өзгеден өз ұстанымын жоғары қойып, көпшілікке толеранттылық таныта алмайтындар бар. Қорытындылай келе, ата-баба салған сара жолмен жүре отырып, өзге діндерге толерантты көзқараста болу, яғни сыйластық, құрметтеу қағидаларын ұстану маңызды екенін баса айтқым келеді.
А.Құрманбек, Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы