Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіп таңдау және білімге қол жеткізуі
Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіп таңдау және білімге қол жеткізуі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Қазақстанда 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Кәсіп таңдау және білімге қол жеткізу мүгедектігі бар адамдарды қоғамда табысты интеграциялауда шешуші рөл атқарады. Бұл ретте, инклюзивті қоғам құру барлық азамат үшін, олардың физикалық, психологиялық немесе зияткерлік ерекшеліктеріне қарамастан, білім алуға, кәсіптік даярлыққа және жұмыспен қамтуға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді. Қазіргі уақытта мүмкіндіктері шектеулі балалардың мемлекеттік білім беру бағдарламалары шегінде мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін, конкурстық негізде, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім алуға құқығы бар.
Ерекше білім беру қажеттіліктері (бұдан әрі – ЕБҚ) бар адамдар үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру мақсатында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 26 маусымдағы № 56-VII Қазақстан заңымен білім берудің барлық деңгейінде ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау бойынша мемлекеттік кепілдіктер регламенттелген, білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүргізу және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, оқу жоспарларының, бағдарламаларының, білім алушының даму ерекшеліктеріне қарай оның жетістіктерін бағалау жүйесінің өзгергіштігін, икемділігін қамтамасыз ету бойынша нормалар енгізілген. Өз кезегінде, академиялық дербестік шеңберінде колледждер жеке мүмкіндіктер мен ерекше білім беру қажеттіліктерін ескеріп, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Бүгінгі таңда еліміздің колледждерінде 9,1 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оқиды. Инклюзивті білім беру ортасының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 70% (541) ТжКБ ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасалған.
Аталған бағыттағы жұмыс Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жалғасуда және тұрақты бақылауда тұр. ЕБҚ бар білім алушылардың психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу деңгейін арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі ТжКБ ұйымдарының үлгілік штаттарына педагог-ассистент лауазымын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына колледждер базасында педагог-ассистенттерді даярлау, интеллекті бұзылған балаларға арналған мамандықтарды енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Түркістан облысының тұрғындарының назарына Қазақстандағы мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту мәселесі жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Қазақстандағы 705 мүгедек жанның 60%-ы немесе 430-ы жұмысқа қабілетті жаста. Олардың тек 25 %-ы немесе 106,5 мыңының жұмысы бар. Ал бұл көрсеткіш Германия, Ұлыбритания, Австралия секілді өзге де ЭСДҰ елдерінде 40%-ға тең. Бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар жұмысқа қабілетті жандардың тек төрттен бір бөлігі ғана белсенді еңбек етіп отыр. Осыған байланысты біз еңбекке қабілетті жастағы мүгедек жандардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл үшін қосымша 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту қажет. Мұндай жандардың жұмыспен қамтылу мәселесін шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы Жобалық топ құрылған. Бірқатар жобалар мен бағдарламалар бар.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар 411 адам қысқа мерзімді кәсіптік білім берумен қамтылды. Ал кәсіпкерлік негіздері бойынша 359 адам білім алды. Бағдарламаның 206 қатысушысы шағын несие алды, олардың 158-і өз ісін ашты. Тағы 508 адам грантқа ие болды. Ең өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жұмыс ұсынатынын білмейді, ал мүгедектігі бар жандар шектеулі мүмкіндікпен қайда жұмыс істерін білмейді. Бұл проблеманы шешу үшін министрлік БҰҰДБ-мен бірлесе отырып, «Мамандықтар атласын» жасап жатыр. Жоба мүгедек жандарға 400-ден астам мамандық түрін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл атлас жұмыс берушілерге мүмкіндігі шектеулі жандарды қандай мамандық бойынша жұмысқа алатыны туралы ақпарат беретін түбегейлі әрі толық нұсқаулық болмақ. Ал мүгедектігі бар азаматтар өзінің қандай жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар екенін нақтылай алады. Атлас олардың таңдауын еш шектемейді, тек қана мұндай жандардың жұмыс істеуі үшін қолайлы болатын жұмыс түрлерін ұсынады. Мұндағы тағы бір проблема — мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа қабылдау кезінде біздің қоғамда қалыптасып үлгерген ментальды кедергінің, стереотиптік ойлаудың болуы. Біздің міндет – бұл кедергіні жою үшін жағдай жасау.